Грузияда биылғы туристік маусым жылдағыдан кеш басталды
Бұған қолайсыз ауа райы себеп. Баға да көтеріліп, демалушылардың қосымша сұранысын төмендетті.
Батумиде пәтерді жалға берушілер туристер биыл өте аз дейді. Бір бөлмелі пәтерді күніне 27 доллардан 77 долларға жалдауға болады. Сұраныс өте төмен.
Мзия Кикабидзе, апартамент иесі:
- Батумиде туристерге 7 жылдан бері апартаменттерді жалға беремін. Биыл келушілер өте аз. Мұндай жағдай бұрын-соңды болып көрмеген еді. Қыркүйек-қазан айларында көбейетін шығар деген үмітіміз бар.
Басқа аймақтардағы жағдай біршама жақсы. Мысалы, Аджарияға келгендер саны 1 миллион адамнан асқан. Олар Грузияда не өзгерген деген сұраққа, "бағалар қымбат" деп жауап береді.
Екатерина Ушакова, турист:
- Грузияға үшінші рет келуім. Алғаш 10 жыл бұрын болғанмын. Былтыр екінші рет келдім. Баға сәл қымбаттау. Бірақ Грузияны өте жақсы көремін.
Жергілікті тұрғындар қазір Боржоми, БакуриАни немесе Саирме сияқты таулы шипажайларда тынығуға құмар. Ол жақтағы қонақ үйлерге тапсырыс былтырғыдан 15 пайызға өскен.
Шалва Алавердашвили, қонақ үйлер және мейрамханалар федерациясының басшысы:
- Биылғы маусым сәл кешігіп басталды. Тбилисидегі мейманханалардың толу деңгейі әлі 75 пайыз шамасында. Батумидегі жағдай да мәз емес. Келушілер саны өткен жылғыдан 10 пайызға аз.
Грузиядағы туризм саласы үшін 2019 жыл ең табысты кезең болған. Сол кезде келушілер саны 9 миллионнан асып кеткен еді. Былтыр 3 жарым миллиард доллар кіріс жиналып, бюджетке рекордтық сома түсті. Жалпы қортынды нәтиже күзде белгілі болады, өйткені мұндағы туристік маусым қыркүйектің ортасына дейін созылады.
Авторлары: Ернат Меслұлы, Юлия Тужилкина