Батумиде Азия мәдениетінің фестивалі басталды

Грузияның Батуми қаласы сан түрлі мәдениет пен өркениетті тоғыстырған орталыққа айналды. Портты шаһар Азия елдерінің мәдениетіне арналған фестиваль өткізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Батумиде Азия мәдениетіне арналған фестиваль басталды. Сары құрлық елдері бас қосқан бұл шарада әр мемлекет өзінің ұлттық тағамы мен киімін, әдет-ғұрпы мен ойын-сауық дәстүрін таныстырды.

Сатушы:

- Мен Батумиге Қытай шайының қалай дайындалатынын көрсету үшін келдім. Фестиваль қонақтарына біз ұсынған шай мен тағамдар ұнағандай болды. Жалпы біз Грузияда Азия елдері тағамдарының танымал болғанын қалаймыз. Мұндағы мақсатымыз – Батумидің экономикасы өрлеп, туризмінің түлеуіне көмектесу.

Фестивальдің негізгі идеясы – діні мен ділі, көзқарасы мен талғамы бөлек азаматтарға тек Азия елдеріне тән құндылықтар мен қасиеттерді көрсету. Сонымен қатар аймаққа көптеп турист тартудың бір жолы.

Татули Жанжгава, Азия фестивалін ұйымдастырушы:

- Фестиваль 6 аймаққа бөлінген. Оның ішінде тамақтану, ойын-сауық, кино мен тағы да басқа алаңдар бар. Кешкісін тегін концерт өтеді. Бұл фестиваль бұған дейін Қытай жерінде ұйымдастырылды. Енді, міне, Батумиде шымылдығын түріп, туристерді қарсы алып отыр.

Ауқымды шара қыркүйектің 30-ына дейін жалғасады. Яғни, Қара теңіздегі туристік маусымның ең тәтті кезеңі аяқталғанға дейін жұмыс істейді.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили.