Лондонда лас ауа салығын төлейтіндердің саны артады

Қала әкімшілігі орталыққа ғана емес шеткі аудандарға да бас сұққан ескі көлік иелерінен ақы талап еткелі жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоғарғы сот бұл бастаманы заңды деп тапты.

Лондонда тозығы жеткен көлік иелері қала орталығына кіргені үшін 2019 жылдан бері лас ауа салығын төлеп келеді. Күн сайын шамамен 13 стерлинг фунттан, бізше 7 мың теңгесінен қағылғысы келмегендер қоғамдық көлікке мініп немесе орталықты сырт айналып өтуге мәжбүр болды. Нәтижесінде қоршаған орта айтарлықтай тазарды. Енді шаһар басшысы лас ауа салығын шеткі аймақтарға да енгізіп отыр. 29 тамыздан бастап экологияны ластайтын көліктер қала шетінде жүрсе де ақша төлеуге міндетті.

Садик Хан, Лондон қаласының мэрі:

- Шешім қабылдау оңайға соқпады. Бірақ жыл сайын 4 000 мыңнан астам Лондон тұрғынының мерзімінен бұрын қайтыс болуы тікелей лас ауамен байланысты. Балалар тыныс алудың айықпас ауруларымен ауырып жатыр. Ересектер астма, қатерлі ісік сияқты дерттерге душар болып жатыр.

Бұл бастама үкімет басшысының да, қала тұрғындарының да алаңдаушылығын туғызды. Олар заң органдарына шағымданып, жеңіліп қалды. Жоғарғы сот Садик Ханлы қолдап, шешімін дұрыс деп тапты. Наразылардың пікірінше, инфляцияның шарықтаған шағында лас ауа салығын енгізу халықты қанаумен тең. Айлығы шайлығына жетпейтіндер жаңа көлік сатып алмақ түгілі жарық пен газға ақша төлей алмай қиналып жүр.

Тұрғындар:

- Өмір сүру құны қымбаттаған уақытта бұл әділеттікке жатпайды. 

- Меніңше, бұлай істеуге болмайды. Халық қатынай алмай қалады.

Лондонда ескі көліктерді қайта өңдеуге өткізуге болады. Сол үшін билік табысы төмен азаматтарға 2 000 стерлинг фунтына дейін ақша береді. Ал жеке кәсіпкерлерге және қайырымдылық ұйымдарына фургондарын жаңарту үшін 9 500 фунт стерлингке дейін төлейді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.