Жапон мейрамханалары шығынға батты

Жапония билігі биыл жазда 1 миллион тоннадай радиоактивті суды мұхитқа ағызбақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда бұл жоспар көрші елдердің наразылығын тудырды. Әсіресе Қытай бұған қарсы. Қазірдің өзінде Жапониядан тасымалданатын теңіз өнімдері мұқият тексеріле бастады. Ал мұның зардабын Қытайдағы жапон мейрамханалары тартып отыр.

2011 жылы болған жойқын зілзаладан кейін алапат цунами Фукусима-1 атом электр станциясының реакторларына зақым келтірді. Қазір станция қоймасында суытуға қолданылған су мөлшері 1,3 млн тоннаға жетіп, арнасы толған. Ел үкіметі суды мұхитқа жіберер алдында сүзіп, радиоактивті элементтерден тазартылатынын айтады. Алайда ресми Бейжің мұнымен келіспейді. Олардың пікірінше, тазартылған суда әлі де радиоактивты заттар бар. Егер суды мұхитқа ағызса, Фукусима өңірінен теңіз өнімдерін жеткізуге тыйым салмақ. Қазірдің өзінде кедендік бақылауды күшейтілді.

Казуюки Таниока, Бейжіңдегі жапон мейрамханасының иесі:

- Біз үшін қазір ең қиыны, жапон теңіз өнімдерін сатып ала алмай жүрміз. Кеденде рәсімдеуге тым көп уақыт кетеді. Оған қоса шілденің ортасынан бері мейрамханаға келетін қытайлар саны 90%-ке азайды. Олар жапон тағамдарының қауіпсіздігіне алаңдайды.

Суши дайындауға маманданған мейрамхана иесі бірнеше жылға созылған Ковид шектеулерінен көп шығынға батқан еді. Ал енді аяққа тұра бастағанда мына жағдайға тап болды. Әлеуметтік желілерде жапон тағамдары радиоактивті және одан аулақ жүру деген қауесет әңгіме кең тарады.

Дуан, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Кез келген Үкімет, ең алдымен, азаматтарының қауіпсіздігін ойлауы тиіс деп санаймын. Сондықтан жапон теңіз өнімдеріне қабылдап жатқан шаралар билік өз халқына жауапты қарайтынын көрсетіп отыр.

Шілде айының басында Токиоға барған МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гроссидің мәлімдеуінше, атом электр станцияларынан су ағызу – стандартты әлемдік тәжірибе. Қарсылық білдіргендер ішінде Қытаймен бірге Ресей және Оңтүстік Корея да бар.

Авторы: Бекболат Тұрмаханов.