Қытай мен Жапония билігі мыңдаған тұрғынды қауіпсіз жерге көшіреді
Соңғы 60 жылдағы ең жойқын су тасқыны
Қытай билігі Хэбэй провинциясынан 100 мыңнан аса адамды қауіпсіз жерге көшіртті.
Доксури тайфуны соққан осы өңірде қазір 9 мың құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Дрондар мен бақылау камералары түсірген жазбалардан су басып кеткен жолдар мен көшелерді көруге болады. Алапат дауылдан 11 адам опат болып, 13-інің із-түзсіз жоғалып кеткені белгілі. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл – соңғы 60 жылда Қытайда болған ең жойқын су тасқыны.
800 мың адам қауіпсіз жерге көшірілмекші
Ал Жапония билігі болса Ханун тайфуны соққан Окинава архипелагынан 800 мың адамды көшіртуге дайындалып отыр. Үкімет өкілдері тұрғындарды шұғыл түрде арнайы уақытша лагерьлерде қоныстануға шақырды. Күшті жел электр желілерін үзіп, 200 мыңна аса үй жарықсыз қалды.