Э. Блинкен: Ресейге мүмкіндік беріледі
Қара теңіздегі Украина астығын қауіпсіз тасымалдау келісімі жанданса, Ресейге азық-түлікті емін-еркін экспорттауға мүмкіндік беріледі.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін осылай деп мәлімдеді.
Естеріңізде болса, астық келісімі – Ресей, Украина, Түркия мен Біріккен Ұлттар Ұйымының бірлескен жобасы. Украина бидайы Мәскеудің бақылауындағы теңіз айлақтары арқылы әлемдік нарыққа тасымалдайды. 17 шілдеде Кремль бұл келісімнен шығып, Украинаның сауда кемелерінің жүруіне тыйым салған еді. Біріккен Ұлттар Ұйымы мұның соңы миллиондаған адамның аш қалуына әкеп соқтырады деп алаңдап отыр. Қазір әлемдегі астық бағасы 15%-ке қымбаттаған.
Энтони Блинкен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы
- Астық келісімі жанданған жағдайда әрбір ел өз азық-түлігін емін-еркін және қауіпсіз түрде экспорттай алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ресейдің де тағам өнімдерінің әлемдік нарыққа шыққанын қалаймыз. Баға арзан болса, барлық елдер пайда көреді.