Испания мектептерінде психолог маман тапшы
Бұл елде әр төртінші оқушы кибербуллинге ұшырайды.
Соның салдарынан өз-өзіне қол жұмсау фактілер де кездесті. Зәбір көрген баламен жұмыс істейтін маманның жоқтығынан оқушылардың кибербуллингтен кейін айығуы ұзаққа созылады. Ең өкініштісі, желіде қорлау оқиғалары соңғы жеті жылда төрт есе артқан.
Испанияда 11 мен 15 жас аралығындағы әрбір төртінші жеткіншек кибербуллингтің құрбанына айналады. Желі арқылы қорлау оқиғалары соңғы жеті жылда төрт есеге және өткен жылы бірден 75% ке өскен. Оқушылардың үштен бірі болған жәйтті ана-аналарынан жасырады. Бұл туралы “бала қуанышы” қоғамдық қорының әлеуметтік зерттеуінде айтылған.
Уго Бенитес, киберпсихолог:
- Қазіргідей әлеуметтік желінің заманында қоғамда бала өз проблемасымен жалғыз қалады. Оған мектептегі зәбірді қосыңыз. Оқушы көп жәйтті ата-анасынан жасырады. Мектептерде психолог мамандардың санын көбейтетін уақыт келді.
Күн сайын Испаниядағы он оқушының жетеуі буллингтен зардап шегеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бір жылдың ішінде Испанияда он екі мыңға жуық осы тектес факті анықталған. Түрлі әлеуметтік зерттеу - испан мектептерінде екі мыңнан астам психолог маманның тапшы екенін көрсеткен. Бұл ретте Испанияда өткен жылы өз-өзіне қол жұмсаған адам саны 4 мыңға жуықтады. Ұлттық статистика институтының ресми мәліметі бойынша орта есеппен күніне 11 адам суицид жасауға әрекеттенген.
Летисия Ортис Рокасолано, Испания ханшайымы:
- Испанияда 100 000 тұрғынға алты клиникалық психолог пен он бір психиатрдан келеді. Бұл орташа еуропалық деңгейден үш есе төмен көрсеткіш. Елде маман тапшы, психиатрлар саны Франция, Германия немесе Нидерландымен салыстырғанда екі есе аз. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек, жастар арасындағы суицид бізді қатты алаңдатып отыр.
Мұндай қасіреттің алдын-алу үшін испан үкіметі 2022 жылы ел бойынша тегін сенім телефондарын іске қосты. Бір жыл көлемінде 15 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Бұл мәселенің ауқымын көрсетіп отыр,- дейді мамандар.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач