Грузиядағы экстремалды ойындар қауіпсіздігі
Грузияда парапланмен ұшуға тыйым салынғалы бір жыл болды.
Былтыр осы уақытта 4 бірдей қайғылы оқиға тіркеліп, белсенділер бас көтерген еді. Жауапты мекемелер мәселені назарға алды. Соның нәтижесінде ережеге өзгеріс енгізілді.
Альпинизм, атпен саяхат, рафтинг, парашюттан секіру және әуе шарымен немесе парапланмен ұшу туристер тарапынан сұранысқа ие. Адреналин мен драйв алғысы келетіндер аз емес . Алайда, былтыр грузияда болған қайғылы жағдайдан кейін әр спорт түрі бойынша жауапты федерация бақылауды қолға алды. Парапланмен ұшатын операторлар 1 жылда 4 рет тексерістен өтті. Параглайдинг Федерациясы парапланмен ұшу жабдықтарын қадағалап, мамандар тобына нұсқаулық беріп жатыр.
Ираклий Капанадзе, Грузия параглайдинг федерациясының басқарма төрағасы:
- Оператордың қаншалықты дұрыс жұмыс істейтінін тексеру функциясы маңызды. Яғни, олардың ұшыру алаңында, бөлінген әуе кеңістігінде, қаншалықты дұрыс ұшатыны, ұшқыштар біліктілігі, параплан қанаттарының ақаулары мен кемшіліктері тексеріледі.
Экстремалды ойын-сауықтың жаңа түрінің бірі - zipline. Тбилисидегі Тасбақа көліндегі zipline желісінің ұзындығы 1 200 метр. Оны Еңбекті қорғау инспекциясы тексерістен өткізді. Нәтижесі бір айдан кейін белгілі болады.
Саломе Цагареишвили, zipline нұсқаушысы:
- Бұл зиплайн арқылы түсу уақыты 1-2 минут, адамның салмағына байланысты. Салмағы жеңіл адамдарды қатты жел тұрса, жібермейміз. Сонымен қатар, алкоголь тұтынған жандарға және жүрегінде ақауы бар кісілерге зиплайн арқылы түсуге тыйым салынған. Автоматты зип-аялдама бар. Нұсқаушы адамды қалай киіндіруді, бекітуді, әсіресе балаларға мұқият болуды біледі. Яғни, мұқият тексереміз.
Туристер мен тұрғындардың қауіпсіздігі мақсатында жылына екі рет қауіпсіздік техникасын мемлекеттік органдар, соның ішінде азаматтық авиация агенттігі тексеретін болды. Алайда бұл жұмыстар туристердің арқаны кеңге салуына кепілдік бермейді. Техника мүлт кетсе, экстрималды туризмнен от шығуы мүмкін.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Юлия Тужилкина