Әлемде пандемияның қайталануы мүмкін деген қауіп бар
Осыған байланысты британ ғалымдары вакцина жасау ісін жетілдіруді қолға алды.
Мақсат - жаңа кеселге қарсы екпені қысқа уақыт ішінде әзірлеуді үйреніп, індеттің таралуына жол бермеу.
Ұлыбританияда жаңа індетке қарсы вакцина жасау жұмысы Уилтшир графтығындағы Портон-даун зертханасында жүргізіліп жатыр. Ғылыми жобаға 100-ден аса маман жұмылдырылған. Айтуларынша жаңа індет 3 жыл бұрынғы коронавирус сияқты жануардан тарауы мүмкін. Осыны негізге ала отырып қауіпті вирустардың тізімі жасалған.
Дженни Харрис, Ұлыбритания Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің атқарушы директоры:
- Қазір біз әлемде жаңа пандемияның туу қауіпін зерттеп жатырмыз. Бұл бір жағынан адамдардың қалаларға көптеп шоғырлануымен байланысты. Мысалы, құс тұмауын алайық. Климаттың өзгеруі де жаңа індеттің шығу қауіпін арттыруы ықтимал. Сондықтан мұндай жағдайдың алдын алу үшін ғылыми зерттеулерді күшейтуіміз қажет.
Британдық ғалымдар терең зерттеп жатқан кеселдердің арасында құс тұмауынан бөлек маймыл шешегі, тышқан безгегі сияқты вирустар бар. Мамандар бұл аурулар жаңа пандемияның пайда болуына әкелуі әбден мүмкін -дейді.
Изабель Оливер, Ұлыбритания Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің бас ғылыми қызметкері:
- Жаһандық жылынудың салдары жыл сайын күшейіп келеді. Мысалы біз маса мен кене арқылы тарайтын аурулардың өзгеріске ұшырауына куә болып жатырмыз.
Ғалымдар жаңа кеселге қарсы вакцинаны 100 күн ішінде жасап шығаруды мақсат етеді. Орталық мамандарының бұл істе тәжірибесі мол. Зертхана Конго-Қырым қанды безгегіне қарсы алғаш болып екпе жасап шығарған. Қазір вакцинаны сынау жұмыстары жүріп жатыр.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Жанна Құсайынова