Анкарада «Абай әлемі» атты іс-шара өтті
Анкарада «Абай әлемі» атты рухани-тағылымдық іс-шара өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жиынға Түркияның зиялы қауым өкілдері, депутаттары мен қала қонақтары қатысты. Қазақстан елшілігі ұйымдастырған шарада ұлы ойшылдың өсиеттері айтылып, Абай әлеміне саяхат жасалды.
Анадолы жұрты Абай күнін Анкарадағы Абай ескерткіші алдында атап өтті. Мерекелік шарада Абайдың өлеңдері мен «Қара сөздері» оқылып, «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндері шырқалды.
Ұлы ақынның шығармаларын қазақ, түрік университетінің студенттерімен қатар мектеп оқушылары қазақша орындады.
Хазал Варгельоғлұ, студент:
- Қазіргі түркі тілдері мамандығында білім алдым. Ғылыми жолымды қазақ тілі мен әдебиетіне арнадым. Қазақ дегенде Абай, Абай дегенде қазақ ойымызға келеді. Оның философиясы да – қазақтардың басын біріктіру, ұлт пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Осы себепті Абайды пір тұтамын.
Аягөз Лесбай, оқушы:
- Балалық шағым Түркияда өтті. Қай мектепке барсам да, достарыма Абайдың кім екенін, қандай өлеңдері, қара сөздері бар екенін айтып жүремін. Анкарадағы шараға қатысып, Абайдың өлеңін оқуға мүмкіндік алдым. Осындай рәсімге қатысқаным үшін қуаныштымын. Достарымды алып келдім.
Жиынның Абай атындағы саябақта өтуінің де өзіндік сыры бар. Мұнда келген жұрт қазақтың біртуар тұлғасымен танысып, бауырлас халықтарды жақындастыруға үндейтіндей.
Гүлер Баш, тұрғын:
- Қазаққа қызмет ету түркі дүниесіне қызмет етумен пара-пар. Мұндай тұлғалар адамзатқа үлкен мұра қалдырады. Махаллемізде осындай саябақтың болуы – біз үшін үлкен мүмкіндік.
Гүлшен Аслан, тұрғын:
- Біз сіздермен бауырмыз. Шараның басынан соңына дейін зейін салып тыңдадым. Біздің түпкі әрі саф тіліміз сіздердікі.
Түрік жұрты Абай Құнанбайұлын ерекше құрметтейді. Осы себепті болар, ұлы ойшылдың Анкара, Ыстамбұл, Анталия, Алания мен Трабзонда ескерткіші бой көтеріп, бірнеше саябақ ашылды. Сондай-ақ ақын кітаптары түрік тіліне тәржімаланған.