Испанияда бала туу көрсеткіші төмендеп кетті
Испания бала туу көрсеткіші бойынша өз тарихындағы ең төменгі деңгейге жетті.
Бұл туралы Ұлттық статистика институты мәлімдеді. Осылайша олар Еуропада Ирландия мен Италиядан кейін үшінші орынға тұрақтады. Кейбір отбасылар баладан көрі үй жануарларын асырауды жөн көреді..
Марисоль мен Хисустың шаңырақ көтергендеріне биыл 15 жыл. Ерлі-зайыптылар «баласыз өмір» деген ұстанымды берік сақтайды.
Марисоль Альбиоль, Барселона тұрғыны:
- Күйеуім – дәрігер. Мен мейрамханада менеджер қызметін атқарамын. Қаражат, үй мәселесі шешілген, бірақ бала мәселесін кейінге шегеріп жүрдік. Енді баласыз өмірге төселіп алыппыз, қазір жоспарламаймыз.
Марсиоль мен Хисус сияқты отбасылар испан қоғамында соңғы кезде көбейіп кеткен. Баланың орнына үй жануарларын асырау сәнге айналды. Былтыр 47 млн тұрғыны бар Испанияда небары 329 мың нәресте туған. Яғни, мың тұрғынға шаққанда 7 баладан келеді.
Кристина Гузман, дәрігер-гинеколог:
- Испанияда бала туу көрсеткіші жыл сайын 10%-ке төмендеп, демографиялық көрсеткіш ел тарихында ең төменгі деңгейге жетті. Осылайша, Испания Еуропадағы туу көрсеткіші бойынша ең төмен ел – Ирландия мен Италияны алға жіберіп, үштікке енді. Ойландыратын жағдай.
Статистикалық мәліметтер испан қоғамының қартайып келе жатқанын көрсетеді. 14 жасқа дейінгі жеткіншектер саны 1960 жылы халықтың 27%-ін құраған болса, 2021 жылы 14, ал қазір олардың үлесі 11%-ке төмендеп кеткен.
Густаво Канавал Эразо, демограф:
- Еуростаттың мәліметі бойынша, халықтың жартысын 45 жастан асып кеткен әйелдер құрап отыр. Бұл – қарт қоғамның белгісі. Мұның экономикалық, әлеуметтік себептері бар. Испан әйелі жеке өмірге қарағанда жұмыспен қамтылуын қадағалайды.
Демографтар ел билігінен құлдырап бара жатқан неке саясатын қалыпқа келтіру қажеттігін сұрап отыр. Ол үшін зейнетақы жүйесінен бастап еңбек нарығы, білім беру, денсаулық сақтау саласын жақсарту мәселесі қарастырылған.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитриий Рогач.