Әлемде кофе қымбаттауы мүмкін
Себебі жайсыз ауа райы өнім көрсеткішін 2 есе азайтқан.
Кофенің ірі өндірушісі саналатын Индонезияда жыл басынан бері толассыз жауған жаңбыр плантацияларға шірітіп жіберген. Әсіресе, Ява мен Суматра аймақтары қатты зардап шекті. «Бұл қауіптің басы ғана»,- дейді сарапшылар.
Таупик Рисмаван ел астанасы Джакартадан 200 шақырым жерде орналасқан плантацияда кофе өсірумен айналысады. Шаруа биылғы өнімнің тең жартысы шіріп кеткенін айтады. Нөсер жаңбыр жыл басталғалы тоқтамаған. Ауа райының қолайсыздығы Таупик сияқты шаруаларды әбден әбігерге салды.
Таупик Рисмаван, шаруа:
- Кофе өндірісі кем дегенде 50 пайызға төмендеді, әдетте үш гектардан біз 2,5 тонна жасыл бұршақ жинайтынбыз. Биыл 1,2 тонна ғана өнім алдық. Ал ауа райын болжайтындар енді ұзақ уақыт құрғақшылық болады, дейді. Ең қорқыныштысы, өнімнің аздығында емес, кофе ағаштарының шіріп кетуінде. Ағаш тамырымен құрыса, қайта өскенше 4 жыл кетеді. Ал бұл нағыз апат дей беріңіз!
Эль-Ниньо циклонының әсерінен елдің Ява және Суматра аймақтарындағы плантациялар, құрғақшылыққа ұшырап үлгерді. Көбіне 20 жылдан бері өнім беріп келе жатқан кофе ағаштары бұл табиғи апатқа төтеп бере алмауы мүмкін.
Корнелиус Свангга, кофе өндіру орталығының иесі:
- Күніне кемінде 100 келі жасыл дәнді қуырамыз. Қазір оның бағасы шарықтап кетті. Себебі, өнім тапшы. Тамыздан қазанға дейін кофе өнімі бұдан да азайып, тарихтағы минимум деңгейіне жетеді деген болжам бар. Индонезияда кофе өсірудің дәстүрлі тәсілдері қолданылады. Менің ойымша, заманауи әдістерді де енгізген дұрыс.
«Ауа райының қолайсыздығынан плантацияларды қалай сақтауға болады деген сауалға билік тарапынан жауап жоқ», - дейді шаруалар.
Пронто Соенарто, Индонезия кофе экспорттаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары:
- Биыл біздегі кофе өндіру қарқыны 30 пайыздан 40 пайызға дейін төмендейді деп болжам жасап отырмыз. Бірақ ауа-райына ғана емес, кейде зиянкестерге де байланысты және бұл тек Индонезияда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан құбылыс. Сондықтан біз тек жағдайды болжап қана отырамыз.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Индонезияда кофе өндірісі келер жылы 9,7 млн қапқа дейін түсіп, көрсеткіштер тағы азаймақ. Егер шаруалар робуста ағаштарын сақтап қала алмаса, жайсыз болжамның дәл келуі әбден мүмкін.
Авторы: Сымбат Ғалымжанқызы