Испанияда аптап ыстық су тапшылығын тудырды

Еуропада климаттың өзгеруінен ауыз су тапшылығы сезіліп отыр.

Әсіресе биылғы құрғақшылық су қорын айтарлықтай азайтқан. Жыл басынан бері Каталония тұрғындарының электрондық поштасына тіршілік нәрін үнемдеуге үндейтін хабарламалар түсіп жатыр. Ал жоғарғы оқу орындары мен ғылыми зерттеу орталықтары су мәселесіне қатысты инновациялық жобаларын жүзеге асырып, суды үнемдеуге арналған жол картасын ұсынуды көздеп отыр.   

Биыл Испания аптап ыстықтан зор зардап шекті. Жүз жылда қайталанған табиғи құбылыс су тапшылығын тудырды. Испанияның оннан астам жоғарғы оқу орындары, ірі зерттеу лабораториялары су тапшылығына қатысты ғылыми зерттеу жүргізіп, жасанды ақыл ойдың көмегімен ауыз су қорын үнемдейтін инновацияны жүзеге асырмақшы.

Хулио Бареа, Геология ғылымдарының докторы:
- Су тапшылығы бір ғана мемлекеттің бас ауруы емес. Сондықтан су қорын теңізден, құрлықтан және ауадан бақылайтын робот техникалары мен дрон әрі датчиктерді біріктіріп, осы бағытта ғылыми альянс құрдық. Бұдан былай су қорының деңгейі жалпы үлкен су массалары мен су ағындарын зерттеуге алып, үнемдеудің автоматтандырылған технологиясын ұсынамыз.

Жеке бау-бақша учаскелері мен қоғамдық орындағы гүлзарлар енді аста-төк суарылмайтын болды. Ал ауыл шаруашылығы кәсіпорындары суды пайдалану мөлшерін 40%-ға қысқартуға мәжбүр. Испан ғалымдарының мәліметіне сай, Пиреней түбегінде жүзім өсіруге қолайлы жер аумағының кем дегенде төрттен бірі азаюы мүмкін.

Сильвия Рекена, Таррагона қаласының тұрғыны:
- Су қорының күрт азайғаны жайлы ақпарат поштамызға жыл басынан бері келе бастады. Пошта ғана емес қала көшелінде су қорына қатысты хабарлама ілінді. Әрине біз суды бұрыннан үнемдейміз, бірақ қазір жіті қадағалайтын болдық.

Сонымен қоса 2050 жылға қарай су тапшылығына байланысты Испанияның оңтүстігіндегі аймақтарда зәйтүн өндірісі 30 процентке азаяды деп болжанып отыр.  Ғалымдар 2050 жылға қарай су тапшылығының проблемасы бүкіл Испания тұрғындарының 75 процентін қамтуы мүмкін екенін алға тартты.

Рафаэль Рейес, Каталония су ресурсы агенттігінің басшысы:
- Су тапшылығы ірі проблемаларды туғызып, экономикаға кері әсер етіп отыр. Испанияның Мар Менор теңізінде су сапасының нашарлауынан 5 млн тоннаға жуық балық қырылып қалды.

Алдағы уақытта Испания билігі су тұтынуды бір тұрғынға 25 литрге түсіруді  қарастырып жатыр. Әсіресе бизнеске қатысты талап күшейіп, оңды-солды бассейн салғандарды, әсіресе қонақ үйлерде суды сарқыратып ағызып қойғандарды ірі салықпен жазалау да қолданысқа енуі мүмкін.

Авторлры: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач