«Талибан» билігіне 2 жыл толды

Дәл бүгін Ауғанстанда "Талибан" қозғалысының Кабулды еш қарсылықсыз басып алып, бүкіл ел бойынша бақылау орнатқанына тура 2 жыл.

Халықаралық сарапшылар мен кейбір жергілікті тұрғындар осы аралықта елде адам құқықтары өрескел бұзылып, қауіпсіздік мәселесі әлі күн тәртібінен түспегенін айтады.

"Талибан" билікке келгелі есірткі өндіру ісіне тұсау салынған. Сондай-ақ бұрын 2 күннің бірінде болып жататын лаңкестік әрекеттері сиреді. Бұл туралы бірер сәттен кейін  "Шартарап" айдарында толығырақ айтамын.

Ауғанстан үкіметі Кабулды басып алып, билігін орнатқан 15 тамызды «Жеңіс» әрі мерекелік демалыс күні деп жариялады. Бұл туралы елдің Еңбек және әлеуметтік істер министрлігі ресми мәлімдеді. Осыған байланысты ел астанасы мен екінші ірі қала - Қандағарда сарбаздар мен тұрғындар, тіпті балалар көшеге шығып, көтеріңкі көңіл күймен атап өтіп жатыр. Жиналғандар "Талибанның" ақ туын желбіретіп жүр.

 

Сахил, "Талибан" сарбазы:

- 7 жылдан бері талибан мүшесімін. Ол кезде тым жас едім, сақалым да болмайтын. Көптеген қиындықты бастан кешірдім, көп досымнан айырылдым.

1 жылдың ішінде Ауғанстанның жалпы ішкі өнімі 20 пайызға төмендеген. Біріккен Ұлттар Ұйымы қазір ауған отбасыларының 84 пайызы тамақты қарызға алып отырғанын айтады. 38 миллион тұрғынның 18 миллионы азық-түлікке мұқтаж. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік бағдарламасы бойынша осы тамыз айында 5 миллион адамға ғана тегін тамақ берілген. Алдағы айларда бұл жәрдем де біржола тоқтауы мүмкін. Өйткені донор мемлекеттер қолдауды уақыт өткен сайын азайтып жатыр. Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстан үшін 3 миллиард 26 миллион доллар көмек сұраған. Бірақ 8 тамызға дейін ақшаның 25-ақ пайызы, яғни 800 миллион доллар ғана түскен. Оның ең үлкен бөлігін, яғни 335 миллион долларын АҚШ үкіметі берген. Былтыр тәліптер билікке келмей тұрғанда Құрама Штаттар бұдан 3 есе көп қолдау көрсеткен еді.

Жаппай терактілер сирегенімен, Ауғанстан Ғаламдық бейбітшілік индексінде ең соңғы 163-ші орынға табан тіреп, 2023 жылдың ең қауіпті елі деп танылды. Бұрынғы режимге жұмыс істеген 28 прокурор мен олардың отбасы мүшелері өлтірілген. Сондай-ақ 4 мыңға жуық прокурор мен заңгерге үнемі қоқан-лоқы көрсетілітенін айтады. Олар «тәліптер билікке келген бетте түрмеде отырған барлық қылмыскерлерді бостандыққа шығарды» дейді. Прокуратура қызметкерлері тәліп билігіне дейін елде демократияны орнықтыру мақсатында белсенді жұмыс жүргізген. Қазір соның зардабын тартып, үрей құшағында өмір сүріп жүр. Алайда жергілікті полиция бәрі жақсы дейді.

Наджибулла Ахмади, полиция офицері:

- Елімізге төніп тұрған ешқандай қауіп-қатер жоқ. Біздің әскер, барлау қызметі мен сарбаздар кез келген қауіп-қатерге дер кезінде жауап береді.

Кабулдағы көптеген елшіліктер жабылып қалды. Тек Еуропалық одақ пен Жапонияның шағын ғана дипломатиялық тобы жұмыс істеп тұр. Маусым айында 260-тан астам емхана жұмысынан тоқтатқан. Бұл мекемелерден 2 миллион тұрғын медициналық көмек алатын. Тәліптер келгелі ақпарат құралдарының 50 пайызы жабылған. Ал журналистерге шабуыл жасалған 70-тен астам оқиға тіркелген. Сондай-ақ қыз-келіншектер білім алудан, жұмыс істеуден қалды. 

"Талибан" сарбаздары бейбіт тұрғынға шабуыл жасаған 1 мыңнан астам оқиға тіркелген. Бұл жалпы жасалған шабуылдардың 62 пайызы. ((ВИДЕО)) Мұны "Қарулы қақтығыстардың орны мен оқиға мәліметтерін зерттейтін ұйым" жариялады. Ал халықаралық Босқындар агенттігінің мәліметі бойынша, 5 миллион ауған шетелге қашқан. 3 миллионнан астам тұрған ел ішінде жылы орнын суытуға мәжбүр болған. Жат жерде жүрген ауғандар сұхбат бергенде тіпті жүзін ашық көрсетуге қорқады.

Пәкістан

Халилзад, Ауғанстан азаматы:

- Барлық дүние-мүлкімізді өте арзан бағаға шұғыл сатып, Пәкістанға қашып келдік. Мұнда келген соң да жем болдық Виза жасату үшін көп қаржы жұмсадық. Енді 2 айға ғана жететін ақшамыз қалды. Ертеңімізге деген сенім жоқ. Түнде уайымнан мүлде ұйықтай алмаймыз. Бізді бұл жерде қамауға алып, Ауғанстанға күштеп те қайтаруы мүмкін. Онда өлетініміз анық.

Талибанның бір жетістігі бар. Тәліптер апиын көкнәрін өндіруге тыйым салып, арам өндіріс көлемін 1 жылдың ішінде 80 пайызға азайтқан. Осы шектеуден кейін есірткі өсірумен айналысқандар 1 миллиард 300 миллион табысынан айырылып, 450 мың жұмыс орны жабылған. Бұл халықаралық "Мэнсфилд" ұйымының есебі.