Израиль әскеріне қауіп төнді

Израильде сот реформасына қарсы наразылық шаралары тоқтамай тұр. Митингке әскер қатарына шақырылатын резервистер қосылып, олар әскери жаттығуға қатысудан бас тартып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл қарулы күштердің қуатын төмендетіп, ел қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуі мүмкін.  

Израиль арнайы қызметтерінің бұрынғы басшылары әскердің жауынгерлік қуатына қауіп төнді деп дабыл қағып отыр. Премьер-министрді шұғыл түрде осы мәселемен айналысуға шақырды. Алайда Биньямин Нетаньяху бәрі дұрыс деп, мамандардың пікіріне құлақ асқысы келмейді. Мәселенің түйіні сот реформасында. Оған наразы резервистер әскери жаттығу мен жиындарға қатысудан бас тартты.  

Евгений Сова, Кнессет депутаты:
- Соңғы айларда қоғамымызда байқалып отырған жанжал әскерімізге де жетті. Сыртқы істер және қорғаныс бойынша комиссияның мәжілісінде мәселенің күрделі екеніне көз жеткіздік.  

Ең ауыр жағдай әскери-әуе күштерінде. Ол - мемлекеттік қауіпсіздік пен әскери күш-қуаттың негізгі іргетасы. Ұшқыштар кем дегенде екі аптада бір рет көкке көтеріліп, арнайы тапсырмаларды орындауы тиіс.   

Давид Гендельман, әскери сарапшы:
- Резервисттердің көбісі әскери-әуе күштерінде, барлау мен өзге басқармаларда маңызды қызметтер атқарады. Егер жаттығулар мен жиындарға қатыспаса, осы әскери бөлімдердің жауынгерлік қабілеттілігі төмендей береді.  

Сарапшылардың дені пилоттар тапшылығы жылдам сезілетінін айтады. Жұмыстан бас тартқан арнайы қызметтердің резервистері де көбейіп кетті. Мұның бәрі Израильдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі ықтимал.

Авторы: Сергей Ауслендер