Оңтүстік Кореяда қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Тәртіпті 12 мың полиция және 100-ден аса арнайы жасақ қызметкері қадағалайды.
Соңғы күндері көшеде болған бірнеше қарулы шабуылдар осындай амалға алып келді. Ал Парламент депутаттары алдағы уақытта мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін заңнамаға өзгеріс енгізуді көздеп отыр.
Мен бақытсыз болдым және басқаларды бақытсыз еткім келді. 33 жастағы Чо Сон өз әрекетін осылай түсіндірді. 21 шілдеде Сеулдегі Силлим метро станциясында ол өтіп бара жатқан адамдарға пышақпен шабуыл жасай бастаған. Қылмыстың құрбаны бір жас жігіт болды, тағы үшеуі жарақат алды. Кейін жігіттің кемдік комплексі бар екені белгілі болды. Чо Сонның бойы кішкентай болды және ол жұмыс таба алмады.
Метродағы төтенше жағдайдан кейін алдағы шабуылдар туралы анонимді хабарламалар пайда бола бастады. Екі аптадан кейін, 3 тамызда Соннам қаласында 22 жастағы Чой Вон Джон көлігімен өтіп бара жатқан бес адамды қағып кетті, содан кейін көліктен түсіп, тағы 9 адамды жарақаттады. Алпыс жастағы әйел қайтыс болды. Полиция Чойға 2015 жылы шизотиптік тұлғалық бұзылыс диагнозы қойылғанын анықтады. Ол емделді, бірақ 3 жыл бұрын емдеуден бас тартты. Келесі күні, 4 тамызда Тэджонда ер адам өзінің бұрынғы мұғаліміне пышақпен шабуыл жасап, қашып кеткен. Мұғалім аман қалды. Шабуылшының 2021 жылдан бері шизофрения мен депрессиядан емделіп жүргені белгілі болды.
Юн Хи Ген, Кореяның ұлттық полиция комиссары:
- Қазіргі жағдай күрделі төтенше жағдай болып табылады. Жазықсыз азаматтарға қарсы жасалған ауыр қылмыстар шын мәнінде лаңкестік әрекет болып табылады. Құқықтық процеске сәйкес, біз қару ұстады немесе қалыптан тыс мінез-құлық көрсетті деген күдікке ілінгендерді іріктеп тоқтатып, тінту жүргіземіз.
Ли Ян Джа, зейнеткер:
- Балаларым шетелге шыққан сайын, мен оларға адамдарға қаруды устауға рұқсат етілген елдерде абай болу керектігін айтамын. Бірақ қазір Оңтүстік Кореяда болу одан да қорқынышты.
Елде полиция барлығы 18 шабуыл оқиғасын тіркеді. Шабуыл жасаушылардың 14-і дене жарақатын келтірді, үшеуі кісі өлтірді немесе өлтіруге оқталу үшін айыпталуда, ал өлімге әкеп соқтырған бір шабуыл ісі тергелуде. Бұл оқиғалардың барлығы жұртшылықты алаңдатты. Ел бойынша 12 мыңға жуық полиция қызметкері адам көп жиналатын 250-ге жуық орынды қатаң қадағалайды. Анонимді сайттар да қадағалауда. Қазірдің өзінде 50-ден астам қорқытатын жазбалар жарияланған, олардың көптеген авторлары ұсталды. Жазба иелері 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе 3 700 долларға дейін, кейбір жағдайларда 7 000 доллардан астам айыппұл төлеуі мүмкін. Парламент депутаттары қару қолдану арқылы кісі өлтіру үшін жазаны қатайтуды ұсынып отыр. Сондай-ақ, депутаттар семсер, газ патрондары, ток соқтыратын қарулар мен арбалеттерді иеленуге рұқсат алған азаматтар әр бес жыл сайын лицензиясын жаңартып отыруы үшін заңдарға өзгерістер енгізу қажет деп есептейді. Өтіп бара жатқан адамдарға жасалған шабуылдан кейін, өзін-өзі қорғау курстарына жазылғандар саны артты. Сарапшылардың пікірінше, Кореяда коронавирус кезіндегі карантиндік шаралар мен жалғызбасты азаматтар санының артуына байланысты жастардың психикалық жағдайы нашарлаған. Депрессияның тағы бір себебі - әлеуметтік теңсіздіктің өсуі. Елде жоғары оқу орындарына түсуде бәсекелестік жоғары. Окуға түспеген адам өзін сәтсіз адам деп есептейді. Өйткені білімсіз жақсы жұмыс табу қиын. Оңтүстік Кореяның дамыған елдері арасында суицид саны бойынша бірінші орында болуы кездейсоқ емес. Өткен жылы 13 мыңнан астам оңтүстік кореялық өз еркімен өмірмен қоштасты.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян