Германияда экобелсенділерге қомақты айыппұл салынуы мүмкін
Германияда экологиялық ұйымдар әуежайлар мен қала көшелерін бөгеп тастауды әдетке айналдырды.
Белсенділердің әрекеті тұрғындардың қалыпты тұрмысына кедергі келтіріп, шығынға батырды. Жазғы маусымның қызып тұрған кезінде мыңдаған көлік жүргізуші ақшадан қағылса, жолаушылар жолынан қалды. Ел билігі митинг ұйымдастырушыларды жауапқа тартуды қарастырып жатыр.
Экобелсенділер әуежайдың қоршауын бұзып, ұшақтың көкке көтерілуіне кедергі келтіреді. Салдарынан әуежай жұмысы бірнеше сағатқа тоқтап қалды. Осылай үш күн қиналған Люфтганзаның еншілес компаниясының 55 рейсі жолынан қалды. Осы үшін жолаушыларға өтемақы төлеуі тиіс. Әуекомпания шығынды есептеп, оны шара ұйымдастырушылардың мойнына ілмек. Сомасы бірнеше миллион еуроға жетеді. Сот шағымына тағы да екі ірі әуекомпания қосылуы мүмкін. Белсенділер оған қарамастан митингті жалғастыруға ниетті.
Саймон Лахнер, экология ұйымының белсендісі:
- Наразылығымыз әділ деп санаймыз. Өйткені климаттың өзгеруі - нағыз апат. Бәрімізге қауіп төніп тұр. Әрі қарай да өз пікірімізді дәлелдеуге дайынбыз.
Сондай-ақ, наразылықтың жалғасы ретінде белсенділер қала мұражайларындағы суреттерге езбе төгетін болды. «Соңғы ұрпақ» деп аталатын қозғалыс мүшелері осы әрекеттері арқылы көпшіліктің назарын аудармақ. Өткен жылдың басынан бері оларға қарсы 580 іс қозғалды. Алғашында айыппұл жазып тұрса, енді кейбірі темір торға қамалған.
Клаус Руланд, Мюнхен қаласының бас прокуроры:
- Еліміздің қылмыстық кодексінің 129-бабына сәйкес «Соңғы ұрпақ» қылмыстық топқа жата ма? Осыны тергеп жатырмыз. Наразылық шараларындағы жасаған қимылдарының негізінде шешім қабылдаймыз. Ал қазір болса, оларды қылмыстық топ ретінде қарастырып жатырмыз.
«Соңғы ұрпаққа» айыппұл төлеуге жанашыр азаматтар көмектесіп келеді. Ал егер әуекомпаниялар мақсатына жетсе, миллиондаған еуроны өтеуге мүмкіндіктері болмайтыны анық.
Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский