Мигранттардың жат елге қоныс аударуына не себеп? Шартарап
63 мигрант ажал құшты
Қазіргі жаз мезгілі мигранттар үшін қолайлы кезең саналады. Бірақ жақсы өмір іздеймін деп орта жолда өлім құшып жатқандар көп. Жақында ғана Африканың батысындағы шағын ғана аралда қайғылы оқиға болды.
Кабо-Верде Республикасы орналасқан құрлықтан 320 шақырымдағы су аумағында төңкерілген ағаш қайықты испан балықшылары байқап қалған. Бірақ құтқарушылар келгенше 63 адам опат болып кеткен. 101 африкалық азамат 10 тамызда Еуропаға жетеміз деп Сенегалдан Атлант мұхитына шыққан. Қалған 38 адам құтқарылды. Арасында 4 бала бар екен.
Филомена Гонкалвес, Кабо Верде денсаулық министрі:
- Осындай адамдарды көргенде жүрегіміз ауырады. Көші-қон - ғаламдық мәселе. Оны бүкіл әлем болып талқылап, шешу жолдарын бірлесе іздеген жөн. Әйтпесе теңіздер адам өмірін жұта береді. Бұдан бүкіл адамзат зардап шегеді.
Африканың батыс жағасынан Испанияның Канар аралдарына дейінгі су жолын әдетте «Атлантика көші-қон бағыты» деп атайды. Бұл әлемдегі ең қауіпті бағдардың бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, былтыр осы бағытпен өтуге бел буған 560 мигрант су түбіне кеткен.
Заңсыз мигранттардың жолы кесіледі
Заңсыз мигранттар ағылатын тағы бір танымал су жолы - «Ағылшын каналы». Жақында Франция мен Ұлыбританияның арасына қатынаған қайық суға кетіп, 6 босқын қайтыс болды. Соңғы 5 жылда аталған канал арқылы 100 мыңнан астам мигрант Еуропаға өткен. Биылғы жылдың алғашқы 3 айында шағын қайықтармен жеткен. Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак пен Сирия азаматтары қолға түсті.
Риши Сунак, Ұлыбритания премьер-министрі:
- Ең маңыздысы, бізге заңсыз жолмен келіп жатқан адамдардың жолын кесуіміз керек. Алдыма міндет етіп қойған 5 басымдықтың бірі - қайықтарды тоқтату. Осы тұрғыда жақында ғана жаңа қатал заңдарға қол қойдым. Енді бізге келетін келімсектердің саны күрт қысқаруы тиіс. Мұндай қатаң қадам алғаш рет жасалып отыр.
Мигранттарды заңсыз тасымалдаған топ ұсталды
ЕуроОдақтың Полиция қызметі мигранттарды заңсыз әкелумен айналысқан 19 күдіктіні қамауға алды. Олар Сирия азаматтарын Ливия, Тунис, Алжир арқылы Испания, Германия мен Норвегияға өткізіп отырған. Қылмыстық топ осы қызметі үшін әр келімсектен 20 мың еуро ақы алған. Еуропол 550 сириялық мигранттың заңсыз жолмен «кәрі құрлыққа» жеткенін анықтаған.
2,5 млн мигрант қолға түсті
Заңсыз мигранттар әдетте көлік ретінде қайықтарды пайдаланады. Өйткені қауіпті болса да, олар өте арзанға түседі. Соңғы 12 айда Мексикадан Рио-Гранде өзені арқылы АҚШ аумағына өтпек болған 2,5 миллион мигрант қолға түскен. Венесуэла, Перу мен Колумбия азаматтары да осы жолды таңдайды. Техас штаты босқындардың жолын бөгеу үшін өзенге тосқауылдар орнатқан. Бірақ оған қарсы АҚШ билігі сотқа арыз түсірді. Мигранттар мәселесін Мексиканың Сыртқы істер министрі америкалық әріптесі Энтони Блинкенмен талқылады.
Алисия Барсена, Мексиканың Сыртқы істер министрі:
- Техас штатының үкіметіне қарсы арыз түсірген АҚШ-тың Әділет министрлігіне алғыс білдіремін. Мигранттар мәселесі бізді де қатты толғандырады. Басын бәйгеге тігіп, солтүстік шекара арқылы ағылған адамдардың тағдыры бізді алаңдатады. Екіжақты жемісті диалог жүргізіп жатырмыз. Бір нәтижесі болып қалар.
Күніне 1 мың мигрант бас сауғалайды
Халық саны бойынша әлемде 11 орын алатын Нью-Йоркте қазір мигранттарға қатысты төтенше жағдай қалыптасып отыр. Шаһар басшысы осылай деп дабыл қағуда. Қала билігінің мәлімдеуінше, Нью-Йоркке күніне 1 мың мигрант келеді. Оларды асырау үшін қазір 10 миллион доллар кетіп жатқан көрінеді.
Эрик Адамс, Нью-Йорк мэрі:
- АҚШ-тағы көші-қон жүйесі үлкен кедергілерге тап болып, сыр бере бастады. Біздің шаһарға былтырдан бері 100 мың босқын табан тіреген. Оларды енді біз азық-түлікпен, баспанамен және жұмыс орнымен қамтамасыз етуіміз керек. Оларға жағдай жасамасақ, америкалық қағидаларға қайшы келгеніміз. Мигранттарға қатысты мәселелерді шешу үшін 12 миллиард доллар қажет. Осы тұрғыда федералдық үкімет пен штаттардың билігі бізге көмек қолын созса екен деймін.
Мигранттарға арналған ұялы қосымша
Халықаралық «Қызыл Крест» ұйымы мигранттарға арналған «RedSafe» деген ұялы қосымша жасап шығарды. Жаңа құрылғы арқылы босқындарға қажетті ақпарат беріледі, тіпті олар маңызды құжаттарын сонда жүктеп, сақтай алады. Сондай-ақ түрлі қиындыққа тап болған жағдайда шұғыл көмек сұрауына мүмкіндік бар.
Оливье Дюбуа, «Қызыл Крест» халықаралық комитетінің басшысы:
- Бұл цифрлық гуманитарлық жүйе негізі 2021 жылы жасалған болатын. Бірақ көпшілікке енді ғана ұсынылып отыр. Ұялы қосымшаға тіркелген мигранттар бір-біріне тікелей хат та жаза алады. Интерактив карталар берілген. Барлық қызметі тегін.
Заңсыз көші-қон - Польша үшін де өзекті болып тұр. Биыл Сирия, Эфиопия, Йемен мен Ауғанстаннан ағылған 19 мың босқын Беларусь жақтан Еуропаға өтпек болған. Тіпті Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий шекара күзетін күшейту үшін жалпы ішкі өнімнің 4,2 пайызын қорғаныс саласына бағыттауға уәде беріп отыр.