Жасанды интеллекттің білім беру саласына пайдасы зор

Білім беру саласында жасанды интеллекттің пайдасы зор.

Десе де, қауіп те аз емес дейді сарапшылар. Мысалы, Австралияда студенттер шығарма жазарда чат-боттардың көмегіне жиі жүгінетін болған. Сол себепті елдің ірі университеттері емтихан қабылдау әдісін өзгерткен. Енді жасанды интеллектті қолдану,,,алаяқтыққа теңеледі. Бұған дейін АҚШ-тың кейбір мектептерінде технологияға тыйым салынған. Енді осы мәселеге британдық ұстаздар алаңдап отыр.

Бұл жаңа оқу жылына дайындалып жатқан британдық оқушылар. Олар үй тапсырмасын орындауда жасанды интеллектің көп көмегі тиетінін айтады. Сондықтан сабақ басталғанда, технологияны ары қарай да қолдана береміз дейді. Мысалы, балалар Чат ДжиПиТидің көмегімен шығармалар жазады, мәтіндегі қателерін түзетеді.

Миа Крофтс, оқушы:

"Оқушы көп. Кейде мұғалімдердің қолы тимей кетеді. Сондықтан бірдеңені түсінбей жатсам, жасанды интеллектің көмегіне жүгінемін. Үй жұмысын да арнайы бағдарламаға салып тексеріп шығамын."

Бірақ мұғалімдер оқушылардың мұндай қызығушылығына күмәнмен қарайды. Мұны жүргізілген сауалнама нәтижелері айғақтайды. Оған Ұлыбританиядағы 500 мектептің ұстазы қатысқан. Солардың 9 пайызы компьютерлік технологияның көмегімен жасалған тапсырманы ажыра алмаса керек. 

Мел Паркер, жасанды интеллект бойынша кеңесші:

"Мұғалімдердің алаңдаушылығын түсінуге болады. Олар балалар жасанды инетеллектті алдау үшін пайдаланады деп ойлайды. Бірақ қушылар технологияны пайдалы істер үшін қолдануы мүмкін ғой. Бұл мәселе билік тарапынан қадағалануы тиіс." 

Британ билігі әзірге технологияны бұғаттайтын шектеулер енгізген жоқ. Ал бұған дейін Нью-Йорктің білім беру департаменті мемлекеттік мектептерде ЧатДжиПиТиді қолдануға тыйым салды. Өйткені оның қауіпсіздігіне қатысты көп сұрақ туындаған. Оның үстіне чат-бот балалардың ойлау қабілетінің дамуына кері әсер етеді деген шешімге келген. 

Жұлдыз Атагельдиева, Ақерке Бақтыбайқызы