Грузияда жанармай тағы да қымбаттады
1 литрі қазір 1 долларға сатылып жатыр.
2021 жылдан бастап біртіндеп көтерілген баға былтыр ақпан-наурызда бірден 12 пайызға өсті. Тіпті жанармайдың кейбір түрлері рекордты деңгейге жетіп, литрі 1 жарым долларға саудаланды. Елді жаппай наразылық жайлап, үкімет мәселені шешуге кірісті. Қатаң шаралар да қолданылды.
Грузияда жанармай бағасы бұрын-соңды болмаған межеге дейін қымбаттады. Қазір маркасына байланысты литрі 1 доллардан 1 доллар 38 центке дейін құбылып тұр.
Деметре Джанашвили, такси жүргізушісі:
- Жанармай бағасы қатты қымбаттады. Қалтам көтермей, қиналып кеттім. Айына 200 лариге дейін шығынға ұшыраймын.
Отар Мтварелишвили, Тбилиси тұрғыны:
- Жанармайға ақшам жетпеген соң, көлігімді сатып жібердім. Қазір скутермен жүрмін.
Былтыр Грузияның премьер-министрі үкіметке жанармай бағасын реттеуді тапсырып, Бәсекелестік агенттігі нарықтағы мұнай өнімдерінің құнына мониторинг жүргізді.
Ираклий Леквинадзе, Грузияның бәсекелестік агенттігінің басшысы:
- Еуро Регуляр" деген ең танымал жанармайдың бағасына соңғы 3 айда 20 пайызға дейін үстемақы қосылды. Мұның әртүрлі себебі бар. Жағдайды жіті бақылап отырмыз, шектен шықса, шара қолданамыз.
Мониторингтен кейін өзара келісіп, жанармайды әдейі қымбат бағаға сатқан 5 жергілікті компанияға 1 жарым миллион доллар айыппұл салынды. Енді Бәсекелестік агенттігі жанармай құю бекеттерінен литрлеп құйған отынның мөлшерін дәл өлшейтін тетіктер орнатуды талап етпек.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина