Испания тұрғындары жабайы туризмге қызығады
Қазақстанның тұмса табиғатына қызығатындар аз емес.
Сондай халықтың бірі испандықтар.
Хуан Роджик - испан жазушысы, тарихшы әрі экономист. Әлемнің жүзге жуық елін аралап үлгерген нағыз жиһанкез. Осыдан отыз жыл бұрын біздің елге де ат басын бұрған. Заңғар таулар мен келбеті келіскен шатқалдарды көріп таң қалған. «Ал ең есте қалғаны - алаулап батқан күн көзі», - дейді саяхатшы.
Хуан Роджик, жазушы:
- Қып-қызыл күн көзінің шыққаны мен батқаны жадымда мәңгі сақталып қалыпты. Фантастика! Отыз жыл бұрын барсам да Қазақстанды ұмытқан емеспін, енді жанұяммен сапарлап қайтуды жоспарлап жүрмін.
Ал испандық сәулетші Аврора Ариас Қазақстанның күйіз үй құрылысына қатты қызығыпты. Қызыққаны сонша қазір ол қазақтың көне және заманауй сәулет өнерін зерттеп жүр. Еуропадағы қазақтармен жиі араласып тұрады екен.
Аврора Ариас, Барселона тұрғыны, сәулетші:
- Ең жақын құрбымның бірі қазақ қызы. Өте жақын араласып тұрамыз. Қазақтың күйіз үйі мен ұлттық киімдерінің шығу тарихына қатысты ақпаратты үнемі құрбымнан сұрап жүремін. Алдағы уақытта қазақ еліне өзім саяхаттап барып, сәулет өнеріммен жіті таныссам деген жоспарым бар.
Бүгінде испандардың Қазақстанға жетуі қиын емес, саяхат саласындағы агенттіктердің мәліметі бойынша екі ел арасында тікелей ұшақ бар. Мадрид пен Барселонадан Астанаға немесе Алматыға 13 сағатта жетуге болады.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач