2 миллиард адам су тапшылығын өткір сезініп отыр. Шартарап

Осы су тапшылығынан жаһан жұртының төрттен бірі зардап шегіп отыр.

Әлемдік ресурстар институтының жақында жүргізген зерттеуінің нәтижесі осындай. Мұның бәрі адамның өмірі ғана емес, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікке қатер. Тіршілік нәрі әсіресе Таяу Шығыс, Солтүстік Африка мен Оңтүстік Азияда тапшы.

2 млрд адам суға зәру

Зерттеу нәтижесі көрсетіп отырғандай, бүгінде 2 миллиард адам су тапшылығын өткір сезініп отыр. Ал 2050 жылы ондай адамдардың саны 3 миллиардқа жетеді. Қазірдің өзінде сұраныс жоғары. Ал 30 жылдан кейін тағы 20-25 пайызға артады деген болжам бар. Өйткені халық саны өсіп жатыр. Өнеркәсіп өндірісі ұлғайып келеді. Оның үстіне әлемде су инфрақұрылымына жөнді ақша бөлінбейді. Тіршілік нәрін тиімді пайдалану саясаты да қолға алынбаған. Климаттың өзгеруінің салдары тағы бар. Бүгінде су тапшылығы қатты байқалып отырған елдердің қатарында Бахрейн, Кипр, Кувейт, Ливан, Оман, Катар бар. Өзге өңірлерде жағдай жақсы деуге келмейді. Мысалы, АҚШ-та бүгінде 6 штат осындай проблемаға тап болған. Сарапшылардың пайымдауынша, былай жалғаса берсе, 30 жылдан кейін әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы су тапшылығымен күреске жұмсалуы мүмкін.  

Әлемдік ресурстар институты

Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп тұр. Бүгіннің өзінде суармалы жерлердің жартысынан астамына су жетпей жатыр. Әсіресе бидай, күріш және жүгері өсірумен айналысатын шаруашылықтарға оңайға соқпай отыр. 2050 жылға таман әлем халқының саны 10 миллиардқа жетсе, азық-түлікке деген сұраныс та артады. Ал қазіргідей су тапшылығы жағдайында бұл қажеттілікті қанағаттандыру қиындай түседі.

Сәуірден бері жауын жаумады 

Азияда су тапшылығынан зардап шегіп отырған елдің бірі - Индонезия. Елдің оңтүстігіндегі Орталық Ява аралындағы жағдай күрделі. Өңірдегі 22 ауылда сәуірден бері жаңбыр жаумаған. Қуаңшылық салдарынан жергілікті құдықтар кеуіп қалған. Сондықтан тұрғындар лас өзеннің суын тұтынуға мәжбүр.  

Трис Ади Сукоко, Индонезия ұлттық метеорология басқармасының өкілі:
- Алдыңғы 3 жыл жағдай біршама тұрақталып қалып еді. Бірақ биыл қуаңшылық жайлап, ахуал ушығып кетті. Таза ауызсуға сұраныс жоғары. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығының қжеттіліктері туралы да ұмытпауымыз керек.

Суды тұтыну шектелді

Мамандар 2050 жылға таман әсіресе Африка елдерінде жағдай ушыға түсетінін болжап отыр. Мұнда су тапшылығы 163 пайызға жетуі мүмкін. Еуропада да жағдай мәз емес. Климаттың өзгеруі салдарынан былтыр да, биыл да Кәрі Құрлықтың көп елін құрғақшылық жайлады. Сол себепті мысалы Францияда 101 департамент болса, бүгінде соның 78-інде тіршілік нәрін тұтынуға қатысты шектеу енгізілген. Бассейнді толтыруға, көлік жууға болмайды. Ережені бұзғандар 1,5 мың еуро айыппұл төлейді. Бұл біздің ақшамен 750 мың теңге шамасында.

Үнемдеген ұтады

Түркияда да жағдай күрделі. Мұнда әзірге ешқандай шектеу жоқ. Десе де Ыстамбұл билігі тәршілік нәрін ақылмен жұмсауға шақырып отыр. Өйткені жергілікті суқоймалар небәрі 33 пайызға толы. Ондағы су ары кетсе 2-3 айға ғана жетеді. Егер қазіргідей аптап ыстық басылмай, құрғақшылық жалғасса, жағдай тіптен ушығып кетуі мүмкін.