Корейлер Қазақстанға қызығып отыр

Оңтүстік Кореяда шет ел асып жатқандардың қатары көбейді. Олар көбінде өзге мемлекетке жұмыс бабымен немесе жеке кәсіп ашуды көздеп кетеді екен. Бірқатары Қазақстанға келуді жоспарлап жүр.

Соңғы 2 жылда шетелде тұруды қалайтын оңтүстіккореялықтардың саны артып келеді. Өткен жылдың өзінде 3 мыңға жуық корей азаматы өзге елге кеткен. Көбінесе АҚШ пен Канадаға. Бірақ, олардың арасында Қазақстанға қоныстанғандар да бар. Олар біздің елде бизнеспен айналысады.

Фотограф Чо Чон Гук биыл зейнетке шықты. Қазір студияда суреттерді қалпына келтіреді. Чо Алматыда 5 жыл тұрды. Онда ол банктердің бірінде жұмыс істеп,  табиғатты суретке түсірді. Қазақстандағы өмір оған өте ұнады, сондықтан ол елімізге қайта оралуды армандайды

Чо Чон Гук, фотограф:

- Қазақ халқы өте мейірімді, ақкөңіл. Бізде ұқсастықтар көп. Мен жағдайдың қалай болатынын әлі білмеймін, бірақ мен Қазақстанда тұруға рұқсат алғым келеді. Қазақстанның табиғаты Кореяға ұқсамайды. Жер аумағы үлкен және зерттелмеген, тартымды көріністер өте көп. Мен туристік бизнес ашуды ойлап жүрмін.

Дмитрий Ли - Қазақстан азаматы, бірақ Кореяда 5 жылға жуық тұрып, бизнеспен айналысып келеді. Оның компаниясы өз секторындағы ең ірі компаниялардың бірі. Айтуынша ол өмірінің ең жақсы жылдарын Астанада өткізген. Сондықтан Дмитрий елімізге оралып, кәсіп ашуды жоспарлап отыр.

Дмитрий Ли, кәсіпкер:

- Оңтүстік Кореяда мені қытайлық деп атайды. Америкада әрқашан қытайлық деп атаған. Яғни, мен өзімді кәріс ретінде сезбеймін. Тек Қазақстанда ғана мен мақтанышпен өзімді кәріс деп сезінемін. Бізді құрметтейді, бізге көмектеседі. Кореяда өмір сүру деңгейі жоғары болғанымен, біздің қазақтың ақжарқын қарым-қатынасы, қонақжайлылығы, ашықтығы жетпейді.

Қазақ халқының қонақжайлылығы туралы Дмитрий Лиге 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға қоныс аударған ата-бабалары айтқан. Қазір Алматы мен Астанада оңтүстіккореялықтардың бірлестіктері бар. Сондықтан көшіп келем дейтіндерге қиындық жоқ.