Еуропа әлі де аптаптан зардап шегіп жатыр
Еуропа қазіргі уақытта аптап ыстықтан зардап шегіп отыр. Әсіресе қарапайым тұрғындар үшін бұл апатпен тең болып тұр.
Франциядағы департаменттердің жартысында аптап ыстыққа байланысты қауіп-қатердің сары-қызғылт деңгейі жарияланды.
Билік кейбір аймақтағы жағдайдың бұдан да қатты ушығуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Рона өзенінің бойындағы температура 42 градустан асады деген болжам бар. Үкімет оңтүстік аймақтағы орман аумағына кіруге тыйым салды. Өйткені өрт шығу қаупі басым. Қазірдің өзінде елдің оңтүстік-шығысында өрт болып жатыр.
«Жаз аяқталып, күз жақындап келеді. Бірақ аптап ыстықтың беті мүлде қайтар емес. Қыркүйекте де күн ыситын секілді».
Италияда аптап ыстықтың үшінші кезеңі басталды. Жүздеген тұрғын мен турист субұрқақтар мен көлеңкені паналап жүр. Билік қауіп-қатердің ең жоғары деңгейін жариялады. Қазірдің өзінде кейбір қалаларда сынап бағанасы 38 градустан асқан. Метеорологтар әсіресе Флоренция, Рим мен Болонья тұрғындарына қиын болады деп ескертті. Ыстықтың беті осы аптаның аяғына қарай қайтуы мүмкін деген болжам бар.
Грекияның орталығындағы Беотия облысындағы орман өрттеніп, 1 адам қаза тапты. Жасы келген малшы отар қойды оттан құтқарамын деп түтінге тұншығып, қайтыс болды. Өрттің жылдам таралуына күшті жел әсер еткен. 64 аумақ отқа оранған. Бірнеше елдімекеннің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.
«Бүкіл жер өртеніп жатыр. Табиғи апат аймағына көп ұшақ пен тікұшақ келді. Бірақ нәтиже аз».
Канаданың Британиялық Колумбия провинциясындағы өртпен күрес жалғасып жатыр. Метеорологтардың болжамы бойынша осы аптада күн суытып, жаңбыр жаууы ықтимал. Отқа оранған аймақтардан 35 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген.