«Фукусимада» пайдаланылған су мұхитқа төгіледі
Апатқа ұшыраған "Фукусима-1" атом электр станциясындағы радиациядан тазартылған суды мұхитқа төгу жұмысы 24 тамызда басталады.
Бұл туралы арнайы отырыс өткізген жапон үкіметі мәлімдеді. Бірақ бұл бастамаға тұрғындар мен бизнес өкілдері сенімсіздік білдіріп, қарсылық танытып жатыр.
Сенімсіздіктен бірінші кезекте бизнесмендер зардап шеккелі тұр. Балық дүкендері желісінің иесі Такаси Накадзима ондаған жыл бойы сатып келе жатқан балықтың 10 пайызы мұхиттың осы аумағында ауланып келген. Енді Такаси сияқты кәсіпкерлер сұраныс азаяды деп қорқады.
Такаси Накадзима, кәсіпкер:
- Билік бұл судың таза екенін айтады, бірақ радиоактивті суды мұхитқа төккеннен кейінгі жағдайдың қалай боларын ешкім анық білмейді. Не болса да біздің бизнеске үлкен зияны тигелі тұр. Өз басым суды төгуге қарсымын.
Үкімет шешіміне қарсылық жыл басынан бері бір толастаған емес. Белсенділер ыстыққа да, жаңбырға да қарамай наразылық танытып келеді.
Ал жапон билігі қоршаған ортаға еш залалы тимейді деуден жаңылар емес. Олардың айтуынша, көлемі 1 миллион тоннадан асатын су әбден тазартылған.
Фумио Кисида, Жапония Премьер-министрі:
- Бүгінгі үкімет отырысында қауіпсіздікті толық қамтамасыз етуге және түрлі қауесетке қарсы тұруға шешім қабылдадық. Күн райы мен теңіздегі жағдай мұрсат берсе, біз жоспарға сай мұхитқа суды төгу жұмысына 24 тамызда кірісеміз.
Халықты алаңдатқан бір жайт – құрамы суға қатты ұқсас тритийді толық сүзіп алу мүмкін болмаған. Бірақ мамандар радиоактивті сутегінің изотобын мұхит суымен араластырғанда еш залалы болмайды деп сендіреді. Төгу үдерісі 30 жылға созылмақ. Су арнайы жерасты жолымен құйылады. Барлық үдерісті МАГАТЭ сарапшылары бақылауда ұстамақ.