Адамзат Айға құмарта бастады
Бұл жаққа Жер бетінен бұған дейін де талайлар аттанған.
Бірақ бұл жолғы бәсеке қызу. АҚШ, Қытай, Жапония, Үндістан, Израиль мен Ресей өз жобаларын дамытып жатыр.
Ертең Үндістан аппараты Ай бетіне қонуға тиіс. Қытайдың да 2030-жылға мақсаты зор. Жалпы бәсекенің дәл қазір қыза түсуіне не себеп? Айға иелік етуге құмартып отырғандардың қайсыcы озып тұр. Қандай нәтиже бар?
Айды игерудегі жарыс өткен ғасырдың 70-жылдарында басталған. Бірақ біраз уақытқа тоқтап қалып, қазір қайта қызу түсуде. Өйткені бүгінде жер серігі,,, генетикалық банк құруға қолайлы. Астрономиялық зерттеулер жүргізуге болады. Себебі Жер бетіндегідей радиокедергілер жоқ. Онда пайдалы қазбалар бар. Және тағы бір айта кетерлігі - болашақта Айды Марсқа ұшуға ыңғайлы алаң ретінде қолдануға болады. Жер серігін игерудегі Үндістанның аяқ алысы жаман емес. Мемлекет осымен үшінші рет өз аппаратын ұшырып отыр. Соңғысы - "Чандраян-3" ертең қонуы тиіс. Миссия 14 күнге жалғасу керек. Осы уақыт ішінде түрлі зерттеулер жүргізу көзделген. Бәрі ойдағыдай өтсе, мемлекеттің ғарыштық жарыстағы беделі біршама артуы тиіс. Бірақ өзге елдермен салыстырғанда, мұнда салаға көп ақша бөлінбейді. Салыстыру үшін айтсақ, НАСА-ның тиісті зерттеулерге қарастырылған бюджеті үнділерден гөрі 12 есе көп. Сондықтан сарапшылар жергілікті билік бүкіл әлемге бұл бағытта бизнес жүргізуге ашық екенін көрсеткісі келетінін айтады.
Аннапурни Субраманиам, Үндістан астрофизика институтының директоры:
"Біздің аппарат 23 тамызда қонуы тиіс. Бұл Үндістан үшін елеулі күн. Қазір ғарыш аппараты Ай орбитасында. Біз сағат сайын қажетті мәліметті алып отырмыз. Бәрі ойдағыдай өтіп жатыр."
Иә, бұл жолғы миссияға үміт зор. Үнділердің 2019-жылы ұшырған "Чандраян-2" станциясы Ай бетіне қонарға бірнеше секунд қалғанда мәлімет беруді тоқтатқан еді. Кейінгі жылдары сәтсіздікке ұшыраған тек Үндістан ғана емес. 4 жыл бұрын Израильдің жасап шығарған ең алғашқы "Берешит" аппараты апатқа ұшырады. Биыл сәуірде Жапонияның жекеменшік компаниясының модулімен байланыс жоғалған. Ал бірер күн бұрын Ресейдің станциясы Ай бетімен соқтығысып қалды. "Луна-25" 11-тамызға қараған түні Амур облысындағы ғарыш айлағынан ұшырылған. Араға 10 күн салып, ол Айдың оңтүстік полюсіне қону керек еді. Алайда жоспар іске аспады. Мұның алдындағы миссия сонау жарты ғасыр бұрын ұшырылған. "Луна-24" 1976 жылы Айға аттанған. Ол экспедция сәтті аяқталып, жер бетіне 170 грамм Ай топырағын алып келу мүмкін болды. Енді көрші елдің келесі миссиясы 2027-жылға жоспарланып отыр.
Юрий Борисов, "Роскосмос" корпорациясының бас директоры:
"14-57-де аппаратпен байланыс үзілді. Алдын ала есептеулер көрсетіп отырғандай, қозғалтқыштың дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан ғарыш кемесі Ай бетімен соқтығысқан. Бірақ бұл Айды игеру бағдарламасын тоқтату керек деген сөз емес. Ол қате шешім болар еді. Біз бұл бағыттағы білімізді шыңдап, технологияларды одан әрі жетілдіруіміз керек. Негізі мұндай миссияларды ұшыру кезінде ешкім де олардың сәтті аяқталатынына 100 пайыздық кепіл бере алмайды."
Айды игерудегі Қытайдың өз жоспары бар. 2030-жылға таман мемлекет жер серігіне тайконавтарын жіберуге ниетті. Бұл Айды зерттеу станциясын құрудағы ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. АҚШ-тың да бұл бағыттағы мақсаты зор. Америкалықтардың "Артемис" атты бағдарламасы бар. НАСА-дан бөлек оған Еуропаның ғарыш агенттігі де қатысуда. Мұндағы басты мақсат - астронавтарды Ай бетіне қондыру. Жоспар бойынша бұл алдағы 4 жыл ішінде іске асырылуы мүмкін. Жалпы сарапшылардың айтуынша, көп елді қызықтырып отырған басты мәселенің бірі - бұл су. Айдың оңтүстік полюсінде мұз табылған. Оны ғарышкерлер тіршілік нәрі ретінде тұтына алады. Сонымен қоса техниканы суыту үшін қолдануға болады. Ол зымыранға қажетті отын жасауға да жарайды.