Монтана штаты TikTok-қа тыйым салуды сұрады
Монтана штаты соттан TikTok-қа тыйым салу туралы заңды бұғаттамауды сұрады.
Бұған дейін TikTok АҚШ сотынан келер жылы бірінші қаңтарда күшіне енетін талапты тоқтатуды өтінген еді. Алайда Монтана «қытайлық желінің тоқтатылуы сөз бостандығына кедергі емес, тек қосымшаны пайдалануды шектеу» деп отыр. TikTok төңірегіндегі бұл тартысты қазанның 12-і күні сот Дональд Моллое қарайды.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Монтана прокуроры штат тұрғындарын Қытайдан төнген қауіптен қорғау үшін нақты шара қабылдағанын айтты. Остин Кнудсен «TikTok-қа тыйым салу Конституцияда айтылған сөз бостандығына шектеу қоймайды, тек қытайлық желіден келетін қауіптен қорғайды», - дейді. Өткен аптада Монтана прокурорының сотқа ұсынған 43 беттен тұратын есебінде «TikTok пайдаланушылардың несие картасы туралы мәліметтері мен құпия сөздерін ұрлай алады» деп көрсетілген. Қазір АҚШ-тың бірқатар қалалары мен штаттарында мемлекеттік мекемелерде TikTok пайдалануға болмайды. Тамыздың 16-ы күні Нью-Йорк қаласы да бұл шектеуге қосылды. Қала мэрі Эрик Адамс «киберқауіпсіздік мәселесіне келгенде заң талаптарын сақтау маңызды», - деді.
Эрик Адамс, Нью-Йорк қаласының мэрі:
- Мен, мемлекеттік қызметшілер TikTok-ты пайдалануға болмайды деген талаптан жоғары емеспін. Біз TikTok басшылығымен кездесуді жоспарлап отырмыз. Біз үшін қазір киберқауіпсіздік мәселесі маңызды.
Нью-Йорк басшысы дәл қазір кибершабуыл болмаса да, оның бар екенін жоққа шығармайды. «Әсіресе сырттан келетін қатердің алдын алып, қала тұрғындарының деректерін қорғауымыз керек», - деді. TikTok-тың мәліметі бойынша қосымшаны 150 миллион америкалық пайдаланады. Осы платформада кәсібін жарнамалап отырғандар да баршылық. Монтана штаты тыйым салатын заңды қабылдаған күні 24 сағаттың ішінде бес адам сөз бостандығына нұқсан келеді деп, сотқа шағым түсірген.
Дэниель, Вирджиния штатының тұрғыны:
- Мемлекеттік қызметшілерге TikTok пайдалануға тыйым салғаны дұрыс деп ойлаймын. Ал қарапайым халыққа неге қолдануға болмайтынын алдын-ала түсіндіріп айтуы керек. TikTok-та бізді аңдып отырғаны онсыз да белгілі.
Ал Австралия сенатының комитеті Қытайға тиесілі TikTok пен WeChat-қа тыйым салуды кеңейту керек деп есептейді. Демократия мен Австралия құндылықтарына әлеуметтік желі арқылы нұқсан келтіретін жалған ақпарат таралуын қадағалайтын комитет өткен жылы құрылған еді.
Джеймс Патерсон, сенатор:
- Австралия шетелдік күштің араласуы мен тыңшылықпен күресте әлемде көш басында. Біздің комитет есебі 200 беттен тұрады, онда үкіметке 17 ұсыныс бар. Егер оның барлығы қолдау тапса, дәл қазір Австралия бетпе-бет келіп отырған сыртқы күштердің араласуы азайып, еліміз одан әрі күшейеді.
Барлау ақпаратын бірі-бірімен бөлісетін «Five Eyes» немесе «Бес көз» деп аталатын альянстағы бес мемлекеттің ішінде (АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия) Австралия ең соңғы болып TikTok-ты мемлекеттік құрылғыларда пайдалануға тыйым салды.
Авторы: Нұрбек Бекен