Испанияны қымбатшылық қысып барады

Испаниядағы құрғақшылық зәйтүн майының бағасын рекордтық деңгейге көтеріп жіберді.

Өнім бағасы бір жылда алпыс процентке өсті. Қант бағасы да шарықтау шегіне жетті. Тұтынушылар ұйымының зерттеуінше Испаниядағы қымбатшылық қарқыны Ұлыбританияны артқа тастап, Еуропада көш бастады деп көрсетілген.

Паула Лопес жалғызбасты зейнеткер. Ол күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының бір жыл бойы тұрақты өсіп жатқанын айтады. Аптасына 40-50 еуроны тамаққа жаратып жүрген зейнеткер, бағаның өскеніне наразы.

Паула Лопес, зейнеткер:

- Біз тамақ пен салатқа зәйтүн майын көп тұтынамыз. Байқағаным бұл майдың бағасы қатты шарықтап кетті. Бүгінде бір литрі 35 еуроға дейін барады. Одан бөлек макарон өнімдері, ұн, жұмыртқа бағасы 25 пен 30 проценттен қымбаттады. Жеміс-жидектің де шарықтап кеткенін көріп жүрміз.

Зейнеткер сөзінің жаны бар. Испаниядағы құрғақшылық зәйтүн майының бағасын рекордтық деңгейге көтеріп жіберді. Бір жылдың ішінде майдың құны алпыс процентке көтерілген. Мемлекеттік тұтынушылар ұйымының зерттеуінше Испаниядағы азық-түліктің бағасы жылдам қымбаттау бойынша Ұлыбританияны басып озған. Ал Ұлыбритания ЕуроОдақта баға саясаты бойынша көш басшы болатын.

Давид Варгас, экономист:

- Бір жыл ішінде 240-тан астам азық-түлік түрінің 95 пайызға қымбаттағанын байқадық. Бұл өте жоғарғы көрсеткіш. Әсіресе қарапайым тұрғындарға қиын. Алдағы уақытта не боларын болжаудың өзі оңай емес. Егер үкімет тиісті шараларды қолға алмаса, халықтың тұрмысы тіпті нашарлайды.

Жыл соңына дейін Испанияға саяхаттап келген туристердің саны 100 млнға жетеді деген болжам бар. Қонақтардың мұндай толқыны да тауар бағасының өсуіне сеп болды. Азық-түлік қана емес такси, қонақ үй, пәтер жалдау мен мейрамхана және қызмет көрсету құны осы жылы күрт шарықтап кетті. Жергілікті тұрғындар әр саяхатшыға “турист салығын” көтеру керек деп отыр.