БРИКС құрамында 11 ел болады. Шартарап
БРИКС құрамы кеңейеді.
БРИКС құрамы кеңейеді. Қазір оған 5 мемлекет мүше. Келер жылдан бастап бұл тізім оннан асады. Осы сағаттарда Йоханнесбургте өтіп жатқан бірлестіктің 15-саммитінде осындай шешім қабылданды. Сарапшылардың айтуынша осыдан кейін ұйымның ықпалы күшейетін болды. Қазірдің өзінде қол жеткізген көрсеткіштер жаман емес. БРИКС-ке мүше мемлекеттер әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірін қамтамасыз етеді. Тіпті бұл жағынан "Джи-7" елдерінен асып кеткен.
Сарапшылар БРИКС-ке мүше елдердің тез дамып келе жатқанын айтады. Сондықтан құрамына кіруге қызығушылық танытып жатқандар аз емес. Бұл саммитте 6 мемлекетті қабылдау шешімі қабылданды. Ол қай елдер?
БРИКС құрамы толығады
Брикс 2006 жылы құрылған. Құрамына 5 мемлекет кіреді. Бұл Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы. Жыл сайын саммиттері өтеді. Бұдан бөлек министрлер деңгейінде кездесулер де ұйымдастырылып отырады. Оңтүстік Африка Республикасынан басқа құрамындағы 5 елдің төртеуі халық саны, жерінің ауданы және жалпы ішкі өнімі бойынша жаһандық ондыққа кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 32 проценті осы БРИКС елдерінің үлесіне тиесілі. Сарапшылар олардың тез дамып келе жатқанын ерекше атап отыр. Сондықтан бірлестік құрамына кіруге ниет білдіріп жатқандар көп. 20-дан аса мемлекет тиісті өтініш берген. Бұл күндері Йоханнесбургте өтіп жатқан саммитте солардың алтауын қабылдау туралы шешім шықты. Сөйтіп келер жылдың басынан БРИКС-ке Аргентина, Египет, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы мен Эфиопия да мүшелік етеді.
Сирил Рамафоса, Оңтүстік Африка Республикасының президенті:
- Біз БРИКС құрамын кеңейту туралы шешім қабылдадық. Бұл мәселе бұрыннан талқыланып келеді. Аталған алты мемлекетті қабылдаудың бірінші кезеңі бойынша бір мәмілеге келдік. Біз көпжақты инклюзивтікті қолдаймыз. Халықаралық құқық пен БҰҰ-ның жарғысында бекітілген қағидаттарды сақтауды әрі қарай да жалғастыра береміз.
Ұйымның көздегені көп
Неге бұл елдер деген сауалға сарапшылар олардың географиялық орналасуы жағынан таңдалғанын айтады. Сондай-ақ Джи-20 құрамына кіретін мемлекеттерге де басымдық берілген. Жаңа мүшелер арасында бұған дейін бір-бірімен дипломатиялық байланысын үзген Иран мен Сауд Арабиясы бар. Екі ірі мұнай өндірушінің қарым-қатынасын жақсартуға Қытай өз септігін тигізген. «Енді олардың БРИКС-ке мүшелік етуі, ахуалдың одан әрі түзелуіне өз үлесін қосуы тиіс», - дейді сарапшылар. Халықаралық бірлестің жаңа мүшелерінің қатарында Үндістанның стратегиялық қорғаныс бойынша серіктестері - Біріккен Араб Әмірліктері мен Египет те бар.
Луис Инасиу Лула да Силва, Бразилия президенті:
- Енді БРИКС құрамының кеңеюі нәтижесінде оның әлемдік жалпы ішкі өнімдегі үлесі 32-ден 37 пайызға дейін артады. Сөйтіп біздің бірлестік құрамындағы елдерде жаһан жұртының шамамен жартысы, нақтырақ айтсақ, 46 проценті өмір сүреді. Біз әрі қарай да кедейшілік, аштық, теңсіздікпен күресуді жалғастыра береміз. Болашақта басқа елдерді де қабылдауға дайынбыз. Саммит барысында тиісті талаптар тізімі бекітілді.
Келер саммит қайда өтеді?
Бұдан бөлек саммит барысында қорытынды декларация қабылданды. Онда БРИКС сауда-саттықта ұлттық валюталарды қолдануға шақырады. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту көзделген. Мүше елдердің сыртқы істер министрлеріне бірлестікке серіктес елдердің тізімін дайындау тапсырылды. Сонымен қоса қатысушылар келер жылы төрағалықты Ресейге тапсыруға қолдау білдірді.