Әлем елдерін инфляция қыспаққа алды

Әлем елдерін инфляция қыспаққа алды

Жаһанды қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр.

Инфляцияны тежеу үшін пайыздық мөлшерлемені көтеруден басқа амал жоқ дейді сарапшылар. Орталық банктер көрсеткішті өсіріп-ақ жатыр. Алайда ахуал әлі түзелмеді. Мысалы, Түркияда пайыздық мөлшерлеме күрт көтерілсе де, жыл соңында инфляция 58 пайызға жетеді деген болжам бар. Аргентинада жағдай тіпті ушыға түсті.

Түріктің Орталық Банкі пайыздық мөлшерлермені күрт көтерді. Бұл көбі үшін күтпеген жағдай болды. Сөйтіп көрсеткіш 17,5 пайыздан бірден 25-ке дейін өсті. Ол кейінгі 20 жылда болмаған жағдай. Бұл шешім несиесі бар азаматтадың қалтасына салмақ түсіреді. Алайда кері жағдайда сарапшылар инфляция одан әрі шарықтап кететітін айтады. Орталық банк бұған дейін ұзақ уақыт бойы пайыздық мөлшерлемені көтеруден бас тартып келген. Бұл экономикалық дағдарыс пен инфляцияның шарықтауына әкеп соқтырды. Бірақ көктемдегі президент сайлауынан кейін елдің қаржы-несие саясаты өзгерді. Соның өзінде де инфляция ырық бермей тұр. Қазір ол 48 пайыз шамасында. Жыл соңында тіптен 58-ге жетеді деген болжам бар. Ал Орталық банк көрсеткішті 5 процентке дейін төмендетуге ниетті.

 

Сарапшылар: инфляция 190%-ке жетеді

Аргентина 

Латын Америкасын қымбатшылық жайлап барады. Аргентинада инфляция 113 процентке жеткен. Сарапшылар сұмдықтың бәрі алда дейді. Жыл соңында көрсеткіш 190 пайызға жуықтайды деген болжам бар. Осыған байланысты тұрғындар биліктен көмек сұрап, ереуілге шықты. Ашынған жұрт тегін тамақ пен өзге де әлеуметтік көмекті талап етуде. Аргентина кейінгі жылдары экономикалық қиындықтардан көп ашпай келеді. Үш жыл ішінде мемлекеттік қарызы 73 миллиард доллардан 394 миллиард долларға дейін жеткен. Коронавирус пандемиясы де жағдайды ушықтырып жіберді. Салдарынан бүгінде аргентиналықтардың 40 проценті кедейшілікте өмір сүріп жатыр.

 

Ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі артты

АҚШ 

АҚШ-та да жағдай мәз емес. Ипотека бойынша пайыздық мөлшерлеме 7 пайызға дейін өсті. Бұл кейінгі 20 жылда болмаған ең үлкен көрсеткіш. Сарапшылар оған федералық қор жүйесінің несие-қаржы саясатын қатаңдатуы себеп дейді. Осыған байланысты ипотека алуға сауал бергендер саны күрт азайып кетті. Айта кеткен жөн, АҚШ-тың федералдық қор жүйесі өткен жылдан бері пайыздық мөлшерлемені тек көтеріп келеді. Соңғы рет тиісті шешім шілденің соңында қабылданған. Бұл мәселе бойынша кезекті отырыс қыркүйекке белгіленген. Сарапшылар оның қорытындысы бойынша да көрсеткіш тағы көтерілетінін болжайды.

Жұлдыз Атагельдиева