Өзбекстан қыста қайтадан газсыз қалуы мүмкін

24.kz

Өзбекстан биыл тағы газсыз қалуы мүмкін.

Елде өндірілген көгілдір отын тиісті мөлшерден аз. Оның бір парасы Қытайға экспортталса, ішкі нарық қиындыққа тап болады. Көршіміздегі электр энергиясының генерациясы көгілдір отынға тәуелді. Жарық пен жылу өндіруші кәсіпорындар онсыз жұмыс істей алмайды. Жағдайды реттеу үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?

Өткен қыста Өзбекстанның бірқатар өңірі қиналып шықты. Ел астанасы Ташкенттің өзінде көпқабатты үйлер газсыз, кейде тіпті жарықсыз отырды. Халық саны өсіп, нарық кеңейген сайын жағдай қайталанып жатыр. Елдегі екінші деңгейлі мегаполис Самарқандта электр қуатының генерациясы тым төмен. 

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:

- Соңғы 5 жылда облыста электр энергиясын тұтыну көлемі 1 жарым есеге өсті. Бірақ оған қажетті генерация жоқ. Жыл соңында 650 млн кВт сағат энергия тапшы болады. Бұл былтырға қарағанда 3 есе көп көрсеткіш. Облыс жетекшілері осы мәселені шешу үшін жұмыс істеуі шарт. Ертең халық сендерді емес, мені кінәлі етеді. 

Өзбекстанның газ өндіретін өз әлеуеті де бар. Алайда нарықты толық қамтуға жеткіліксіз. Биыл 7 айда 27,47 млрд текше метр көгілдір отын өндірілген. Былтырға қарағанда көрсеткіш 9 жарым пайызға төмен. Оның үстіне, көршіміз алдын ала бекітілген міндеттеме бойынша Қытайға 10 млрд текше метр газ жөнелтуге тиіс. Қазір елде электр қуатын өндіретін станциялардың 80 пайыздан астамы осы энергия ресурсына тәуелді. Сондықтан үкімет қосымша энергия өндірудің барлық амалын қолға алып, су қоймаларында қосымша гэс салуға кірісіп кетті. Оның ішінде қуаттылығы 5 мегаваттық шағын станциялар да бар. 

Вадим Соколов, гидролог:

- Шағын гидроэлектр станцияларға су ағынының 1-2 метр болғаны жеткілікті. Ол 5-6 мегаватт қуат бере алады. Онымен маңайдағы шағын өндірістерді энергиямен қамтуға болады. Экологиялық тұрғыда бұл өте тиімді шешім.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Көрші мемлекеттер арасында Түрікменстан Өзбекстанға алғаш болып газ жеткізуге дайын екенін жеткізді. Ресми Ашхабат былтыр тіпті тегін көмек берген. Ал биыл арнайы құжатқа қол қойылып, коммерциялық негізде шарт жасалды. Алғашқы партия көлемі 2 млрд текше метрге жетеді. Кейін көрсеткіш тағы артуы мүмкін. 

Рауан Мыңбаев