Қазақ-өзбек-тәжік бизнес форумы басталды
Өзбекстанның Сырдария облысында, қазақ-өзбек-тәжік бизнес форумы басталды.
Іскерлік кездесуге, 3 елдің, бизнес құрылым жетекшілері қатысып жатыр. Тараптар өңір-аралық ынтымақтастықты дамытуға ден қойып, өндірістік жобаларды көптеп жүзеге асыруға ниетті.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Сырдария уәлияты Түркістан облысымен шекаралас жатқан аймақ. Мұнда біздің елден 10-ға тарта кәсіпкер келді. Қатысушылар арасында қазақстандық дипломаттар да бар. Қазір Гүлістанда өтіп жатқан қазақ-өзбек-тәжік экономикалық форумының тақырыбы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталып отыр. Атап айтқанда, Қазақстанның Түркістан, Өзбекстанның Сырдария және Тәжікстанның Соғды облыстары арасында өнеркәсіп жобаларын іске қосу көзделген. Қазір қазақ пен өзбектің шекаралас аймағында еркін сауда-саттық жасалатын жер белгіленді. Алдағы уақытта онда арнайы инфрақұрылым бой көтеруге тиіс.
Акмалжон Махмұдәлиев, Сырдария облысының хәкімі:
- Осындай экономикалық форумды дәстүрге айналдыратын болдық. Жылына бір мәрте екі ел кәсіпкерлерінің басын қосамыз. Қазір бизнеске кедергілер аз. Өзбекстанда қазақстандық каптал құйылған кәсіпорындар көбейді. Кейінгі 5 жылда жалпы саны 2 жарым есе ұлғайды. Бүгін солардың бірқатары ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Форум бағдарламасы екі күнге жоспарланған. Әуелі G2B және B2B кездесулер өтеді. Ауқымды мәдени шаралар да ұйымдастырылады. Сырдария облысында жасалатын өнімдер көрмесінен бөлек, өлкетану шаралары және халықтар достығы концерті өтеді. Мұнда Түркістаннан филармония өкілдері де келген. Ертең қазақстандық бизнес құрылым жетекшілері өңірдің өндірістік әлеуетімен тереңірек танысып, ірі кәсіпорындарды аралайды. Әзірге менде бар ақпар осы. Алдағы шығарылымда форумда бекітілген құжаттар жайын тарқатып айтамын.