Хартумдағы халықаралық әуежайда жарылыс болды

Судан астанасы Хартумдағы халықаралық әуежайда жарылыс болды.

Қаза тапқандар туралы мәлімет жоқ. Куәгерлер кеше қалада қарулы қақтығыс болғанын хабарлайды. Атыс-шабыстың жарылысқа қатысы бар ма, жоқ па - әзірге белгісіз. Шығыс Африкадағы бұл мемлекетте биыл сәуірден бері жағдай тыныш болмай тұр. Ол кезде ел әскері мен жедел әрекет ету күштері арасында қарулы қақтығыс басталған. БҰҰ-ның мәліметінше, шиеленістен кемі 4 мың адам көз жұмған. Бірақ жергілікті дәрігерлер құрбандар саны әлдеқайда көп екенін айтады. Бұдан бөлек бір миллионнан астам адам үй-жайын тастап, Египет, Чад, Оңтүстік Судан, Эфиопия мен Орталық Африка Республикасына бас саулаған. Атыс-шабыс салдарынан гуманитарық дағдарыс ушығып кетті. Сөйтіп бүгінде жүздеген аурухана жұмыс істемей тұр. Азық-түлік тапшы. Су мен жарықсыз отырғандар да көп.

Йенс Ларке, БҰҰ өкілі:
- Елде қызылша, безгек секілді ауруларды жұқтыру деректері тіркеліп жатыр. Ауруханалардың көбі жұмыс істемейді. Өзге мемлекеттерге кетіп қалғандарды айтпағанның өзінде, ел ішінде миллиондаған адам босып жүр. Оңтүстік өңірлерде гуманитарлық ұйымдардың кеңселері тоналған. Мыңдаған адам тойып тамақ ішпейді. Аштыққа денсаулық сақтау саласындағы проблемалар қосылып, жағдай тіптен ушығып барады.