Ауа райының қолайсыздығы шаруаларды әбігерге салуда. Шартарап
Еуропалық диқандар зәйтүн тапшылығынан таршылық көрсе, Шри-Ланка халқы күрішсіз қалуы мүмкін.
Еуропа зәйтүнге зар. Тапшылық әсіресе Испания мен Италия елдерінде байқалады. Жергілікті билік өкілдері биыл өндіріс көлемінің 20 пайызға төмендейтінін алға тартады. Шаруалардың айтуынша, мұндай жағдайға бірінші кезекте құрғақшылық әсер еткен. Бұл өз кезегінде зәйтүннің қымбаттауына түрткі болып отыр. Былтырмен салыстырғанда баға кәдімгідей өсіп кеткен. Мәселен, Италия мен Португалия көтерме сауда бағасы 2 есе өссе, Грекияда зәйтүннің бір келісі 8 еуродан саудалануда.
Франция
Франциялық шаруалар да шығынға баттық деп шырылдап отыр. Өйткені аптап ыстықтан жүзім алқаптары қурап кеткен. «Соның салдарынан биылғы өнім 10-20 пайызға болады», - дейді. Тығырыққа тірелген шарап өндірушілері енді не істерін білмейді. Тек өз-өздерін жұбатып, аз да болса, сапалы өнім жинап алуға үміттенеді.
Таяу Шығыс
Газа секторында да осыған ұқсас жағдай. Еккен жүзім аптапқа шыдамай кеуіп кеткен. Сәйкесінше, биыл түсім өте аз. Былтырғы көрсеткіштен 60 пайызға кем. Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің айтуынша, ауа райының қолайсыздығы жүзімге ғана емес, өзге де өнімдерге зардабын тигізіп жатыр. Салдарынан баға күрт көтеріліп, халықтың қалтасына салмақ салуда.
Шри-Ланка
Шри-Ланкада «ақмаржан дағдарысы» туындауы мүмкін. Дақылды суаратын су жоқ. Жаз кезінде жауын түсімі аз болғандықтан су қоймалары да кеуіп қалған. Бұл ахуал қазір бұқараны да, билікті де алаңдатып отыр. Ауыл шаруашылығы министрі келтірген мәліметке сәйкес, 30 мың гектардан астам алқап құрдымға кетуі мүмкін. Бірақ сарапшылар бұл көрсеткішке күмәнмен қарайды. Шығын көлемі бұдан әлдеқайда жоғары болатынын айтады. Айта өтейін, Шри-Ланка халқы үшін күріш негізгі азықтың бірі. Һәм ірі кәсіп түрі. Бүгінде бұл салада 2 миллиондай адам еңбек етеді.