Пәкістанда салынып жатқан үйлер кез келген ауа райына төзімді
Пәкістанда табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алатын мықты үйлер салынып жатыр.
Жоба авторының айтуынша, баспананың тағы үлкен екі артықшылығы - бағасы қолжетімді және жылдам тұрғызылады.
Пәкістанның оңтүстігіндегі мына үйлер бір қарағанда лашық тәрізді. Бірақ олардың адам тіршілігі үшін орны ерекше. Сырт көзге осал болып көрінгенімен аймақта жиі болатын су тасқынына мықты төтеп береді. Оның іргетасы жеңіл бамбук ағашынан тұрғызылады. Қабырғасы суға төзімді балшық пен әктің берік қоспасынан жасалады. Бұл үйлер экологиялық жағынан да тиімді.
Чампа Бай, жергілікті тұрғын:
"Бұрынғы үйімізді тасқын шайып әкетті. Бірнеше ай бойы шатырда тұруға мәжбүр болдық. Мына үйге жақында орналастық. Толық көңілімнен шығады. Ол жаңбыр мен дауылға төтеп береді".
Бұл үйлерді жаппай тұрғызу ісін жергілікті сәулетші Ясмин Лари қолға алған. Ол осындай баспананың мыңнан астамын жасап үлгерген. Биыл 350 мың отбасы осындай баспанамен қамтамасыз етілмек. Былтыр Пәкістанда алапат тасқын жүріп, 1700-ден астам адам көз жұмып, 1 жарым миллиондай отбасы баспанасыз қалған болатын.
Ясмин Лари, сәулетші:
"Бірінші кезекте, бұл үйлер тұрмысы төмен халыққа арналатынын түсінуіміз керек. Сондықтан оның бағасы арзан болуға тиіс. Сол үшін жергілікті материалдарды пайдалануға тырысамыз".
Осындай бір үйді тұрғызуға 1 апта кетеді. Құны 90 долларға жетпейді. Ал кәдімгі саз балшықтан салынатын үйді көтеруге кемінде 1 ай керек және шығын да көп жұмсалады.
Ернат Қашқынов