Парижде электрлі самокат жалға берілмейді
Бұл қауіпсіздік мәселесіне қатысты күшіне енген талап.
Өйткені былтыр осы қозғалыс құралдарының кесірінен 40-қа жуық адам көз жұмған. Арасында жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де бар. Тұрғындардан шағым көбейгесін, биыл сәуірде қала басшылығы референдум өткізген. Дауыс бергендердің 90 пайызы электрлі самокат керек емес деген шешімге келген. Париж Еуропа бойынша тиісті талап күшіне енген алғашқы шаһарға айналды. Бұған дейін елде 15 мың самокат жалға берілген. Енді олардың барлығы Францияның өзге қалаларына және көрші елдерге жіберіледі. Ал қозғалыс құралын өздері сатып алған азаматтар бұрынғыша қатынай береді. Тек жүргізушінің жасы 12-ден асуы тиіс. Сонымен қатар шекті жылдамдық сағатына 25 шақырымнан аспауы керек.
Марьям, такси жүргізушісі:
- Жақсы болды ғой. Әйтпесе самокатқа мінгендер көліктің айнасын іліп кетеді. Олар жол жүру ережелерін сақтамайды. Бағдаршамның қызыл түсіне жүре береді. Жаяу жүргіншілерді өткізбейді. Сосын самокатты көрінген жерге тастап кете береді. Сондықтан оларды жалға беруге тыйым салынғаны дұрыс болды.