Кореяда өрт сөндіру құралдарының көрмесі өтіп жатыр
Оңтүстік Кореяда Азиядағы үшінші ірі халықаралық құтқару жабдықтар көрмесі өтіп жатыр.
378 кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды.
Владислав Цой, тілші:
- Оңтүстік Кореядағы көрмеде насосы бар бірегей өрт сөндіру көлігі ұсынылды. Ол 2 мың литр су мен 2 мың литр көбікті көтере алады. Бірақ оның бірегейлігі кез келген суды пайдаланып және 2 шақырым болатын шлангысы арқылы қашықтықтағы өртті өшіре алады.
Оңтүстік Кореяда өрт сөндірушілер 70 метр биіктікте өртті өшіре алады. Одан асса дрондар мен тікұшақтарды пайдаланады.
Ли Сон Хак, инжиниринг компаниясының менеджері:
- Біз пластик корпусы бар өрт сөндіру көлігін шығарамыз, сондықтан ол өте жеңіл. Темір корпусы көліктермен салыстырғанда ол 40%-ға жеңіл және суды көбірек тасымалдай алады. Баспалдақ пен су қоймасы бар көп мақсатты көліктер қарастырылған. Сондықтан өртті сөндіріп, 20 метр биіктікте құтқару жұмыстарын жүргізуге болады.
Көрмеде тез арада көмекке келетін жаңа құрылғылар ұсынылды. Мына құтқару белдемшесін қашықтан басқаруға болады. Ол сағатына 15 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Ал бұл құрылғы жасанды тыныс алуды дұрыс орындауға көмектеседі.
Арнайы бейнекамералар да өртті дер кезінде сөндіруге септігін тигізеді. Олар 360 градусқа айнала алады және 5 километр радиуста температураның көтерілуін бақылай алады.
Сон Мён Ун, өрт сөндіру жабдығын жасайтын компанияның вице-президенті:
- Біздің жүйе алыс қашықтықтағы өрттерді анықтай алады. Қазір ол ормандардағы және кәсіпорындардағы жағдайды бақылау үшін қолданылады. Өрт анықталған кезде өрт сигналы кәсіпорынның қызметкеріне немесе өрт сөндіру бөліміне беріледі.
Көрмеде электр көліктерді тез сөндіруге арналған көптеген құралдар ұсынылған. Өйткені Кореяда мұндай көліктердің көбеюімен жыл сайын электромобильдердің өртену фактілері артып келеді. 2022 жылы 44 көлік өртенсе, биылғы жылдың 6 айында 42 электромобиль қызыл жалынға оранды.
Владислав Цой, Ольга Лян