Испаниядағы қатты дауыл ұшақ рейсін 1 тәулікке кешіктірді
Испанияның Балеар аралдарында соққан дауыл салдарынан әуе кемесінің мыңдаған жолаушысы тәулік бойы ұшақ рейсін күтуге мәжбүр болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Табиғаттың қолайсыздығымен қатар Ұлыбританияға қатынайтын ұшақтың техникалық ақаулығы байқалған.
Бұл – Пальма-де-Майорка аралының әуежайында түсірілген кадрлар: мыңдаған жолаушы 15сағат бойы Ұлыбританияға қатынайтын ұшақ рейсіне міне алмай, әуежайда түнеуге мәжбүр болды. Бұған ең алдымен Балеар аралдарында 3 күн бойы қатты соққан дауыл себеп болған.
- Бастапқыда ешқандай ақпарат берілген жоқ, біз күтуден әбден шаршадық.
- Әсіресе баламен қиын, мазамыз қашты.
- Өтемақы ретінде келесі рейске билет тегін, дей тұрғанмен мыңдаған жолаушыға қонақ үй жағы қарастырылған жоқ.
Толассыз жауған жаңбыр мен жел Испания ғана емес, Германияның Франкфурт қаласындағы әуежай жұмысына да зор кесірін тигізген еді. Атап айтқанда, ұшу жолағында су жиналып, 70-тен астам рейс тоқтатылды. Ұшып келген жолаушылардың өзі ұзақ уақыт бойы ұшақтан түсе алмай, әуежай қалыпқа келгенше бірер сағат күте тұруға мәжбүр болған еді.
Аида Қыдырбай, тілші:
- Испанияда әуе рейстері техникалық ақау, табиғат қолайсыздығымен қатар әуежай қызметкерлерінің ереуілі салдарынан бірнеше рет тоқтатылды. Транспорт қызметкерлері, оның ішінде әуедиспетчерлердің талабы – жүктелген жұмыстың ауырлығын ескеріп, айлықты көтеру.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач.