Өзбекстанда күн панелін қолдану аясы шектеледі
Өзбекстанда құнарынан айырылған жер көлемі 2 млн гектарға жетті.
Бұл егінге арналған алқаптың жартысына жуық көрсеткіші. Басым бөлігі су және жел эрозиясына ұшыраған. Орталық Азияда бау-бақша баптауға бірден-бір бейім мемлекет енді ғалымдардың көмегіне жүгініп отыр. Мәселеге күн панельдерін көптеп қолдану ісі де кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан заманауи технологияны қолдану үрдісіне біраз өзгеріс енгізілген.
Жалпы Өзбекстан мақтаны көп егеді. Сондықтан үкімет тарапынан суды барынша мол тұтынатын өсімдік өскен жерді қайта қалпына келтіру шаралары бекітілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан арнайы департамент құрылып, Агрохимия институтына мәселені ғылыми тұрғыда шешу тапсырылған. Дегенмен өзбекстандық ғалымдарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе бар. Ол күн панельдерінің кең қолданысқа енуі. Баламалы қуат өндіру әдісінен жерге қаншалықты зиян барын ешкім дөп басып айта алмайды. Бұл ретте көршіміз еуропалық тәжірибеге жүгініп, халықаралық стандарттарды енгізуді жоспарлап отыр.
Ойбек Соатов, Өзбекстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы:
- Күн панельдерін қолдану жерге, яғни топырақ құнарына қаншалықты кері әсер етеді сауалға жауап беру қиын. Оны әлемдік деңгейдегі ғалымдар да біле бермейді. Бірақ біз Еуропаның, оның ішінде Германияның тәжірибесін зерделеп көрдік. Онда белгілі бір талаптар бар. Мәселен егін алқабының тек 10 пайызына осы панельдерді орнату міндеттелген. Көрсеткіш бұдан аспау керек. Сол стандартты бізде де қолдануға кірістік.
Жаңа талапты бірден орындау да оңай емес. Шаруалардың көбі күн панельдерін орнатар алдында мұндай ереже барын ескермеді. Қазір құзырлы министрлік заң нормаларына бірқатар өзгеріс енгізіп жатыр. Еуропалық ғалымдар ұсынған нұсқаулықты Өзбекстан нарығына сәйкестендіру міндеті тұр.
Ойбек Соатов, Өзбекстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы:
- Халықаралық бағдарлама алқапты пайдалану ісіне инновация әкеледі. Бір мезетте еш зиянсыз энергия өндіру, әрі егін егу үрдісі қалыптасады. Жерді біз барынша ұқыпты қолдануға шақырамыз. Ол тек бізде емес, бүкіл әлемде деградацияға ұшырап жатыр.
Оңтайлы әдіс ретінде елдегі құнарынан айырылған жерге жаппай ағаш егу ұсынылды. Ғалымдардың айтуынша, тамшылатып суару да ең тиімді тәсіл. Осындай жолмен бұршақ және майлы дақылдарды көптеп өсіру керек. Соңғысы ылғалды ұзай сақтап, көктем және күз айларында мол өнім береді. Еске салайық, Орталық Азиядағы су ресурстарының басым бөлігіне Сырдария мен Әмударияның жоғарғы сағасында отырған қос мемлекет ие.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Сәйкесінше онда гидроэнергетика есебінен «жасыл» жобаларды көптеп жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Ал Қазақстан мен Өзбекстан әзірге тек күн және жел электр станцияларын салу арқылы баламалы өнергия үлесін арттыра алады.
Авторы: Рауан Мыңбаев