Өзбекстанда суды үнемдеу технологиясы енгізілген
Ал мол өнім алу үшін тың технологиялардан бөлек, суды үнемдеу де маңызды.
Осы тұста Қазақстанда жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігіне артылған жүк ауыр. Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанда мұндай ведомство бар. Оның басты міндеті – шаруаларға тіршілік нәрін уақытылы жеткізіп, егіннің бітік шығуына көмектесу.
Өзбекстанның су шаруашылығы және ирригация саласы тәуелсіздік алғалы бері іргелі құрылым ретінде қызмет етіп келеді. Құзырлы министрлік қоймалар мен трансшекаралық өзен арқылы келетін тіршілік нәрін пайдаланып, сақтаумен айналысады. Тікелей міндеті аграрлық сектормен де біте қайнасып жатыр.
Равшан Назаров, су ресурстары бойынша сарапшы:
- Ташкентте өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бері Ирригация институты бар. Ол салаға пайдалы көп маман даярлап шығарып жатыр. Суды үнемдеу, дұрыс пайдалану, сол арқылы ауыл шаруашылығы саласында өнімділікті арттыру – өте маңызды мәселе.
Көршіміздегі мақта, тоқыма және азық-түлік шығаратын кәсіпорындар қажетті шикізаттың басым бөлігін жергілікті шаруалардан алып, дайын өнімге айналдырады. Судың да сұрауы бар демекші, проблема да жоқ емес.
Равшан Назаров, су ресурстары бойынша сарапшы:
- Су саласында ысырапты азайту үшін арналар бойына бетон құю қажет. Қазір осы мәселенің салдарынан Орталық Азиядағы бірқатар мемлекет шығынға ұшырап отыр. Дариядан алынған судың бір бөлігі егінге жіберілсе, қалғаны құмға сіңіп кетеді. Ең тиімді шешім – үнемдеу технологиясын енгізу.
Құзырлы министрлік кей алқаптарға тіршілік нәрін құбырмен жеткізіп, оның бойына арнайы есептегіш құралдар орнатқан. Ал ирригация саласындағы мамандар су каналдарын жөндеп, топыраққа сіңу көрсеткішін барынша азайтуға күш салып жатыр.
Ойбек Арифжанов, Ташкент ирригация инженерлері институтының кафедра меңгерушісі:
- Су арналары бойындағы үйінді, қоқысты тазартуға қазір қыруар қаржы жұмсалып жатыр. 40-50 жыл бойы пайдаланылған қоймаларда бұл үлкен мәселе тудырып тұр. Бір жағынан мұның бәрін тазартқан дұрыс. Бірақ ғылымның көмегімен су астындағы шөгінділерді минералды тыңайтқыш ретінде қолданып, оны қажетімізге жаратсақ болады. Осы мақсатта ирригация университеті каналдарды тиімді тазарту механизмін ұсынды. Біз министрлікке осы жағынан көмектессек дейміз.
Әлемдік азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының дерегі бойынша аграрлық сектор елдегі тұрмысты түзеуге де сеп. Саладағы аз ғана өсім жыл сайын кедейлікті кемі 1-1,5%-ке азайтып отырады.