Астық келісімі не болмақ? Шартарап

Жаздан бері көпті осы мәселе мазалаған еді.

Құжатқа былтыр шілдеде қол қойылған. Сөйтіп, Мәскеу мен Киев Украина кемежайларында жиналып қалған миллиондаған тонна астықты «қауіпсіз дәліз» арқылы өзге елдерге жеткізуге келіскен. Оның бұзылмауын БҰҰ өкілдері мен Түркия президенті қадағалап келді. 1 жылдың ішінде біраз шаруа атқарылды. Бірақ 17 шілдеде Ресей келісімнен шықты. Ал сарапшылар осы аптада Сочиде өткен келіссөздерге үлкен үміт артқан еді.

 

«Астық келісімі» ұзартылмады

Режеп Тайип Ердоған мамырда өткен президент сайлауынан кейін Ресейге алғаш рет келді. Сочиге көз тіккендерді «астық келісімі» ұзартыла ма деген сұрақ мазалады. Алайда тараптар ол мәселе бойынша бір мәмілеге қол жеткізе алмады. Десе де Владимир Путин келісімді қалпына келтіруге дайын екенін айтты. Бірақ ол үшін батыс елдері Ресейдің ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына қатысты талаптарын орындау керек дейді. Ал әзірге Мәскеу Түркияға миллион тоннаға жуық астық тасымалдайтын болды. Сөйтіп, ол әрі қарай Африканың 6 еліне тегін жеткізіледі. Бұған Катар тарабы ықпалдасуы тиіс. Былтыр теріскейдегі көршіміз рекордтық көлемде астық жинаған еді. Биыл да жақсы өнім болатын сияқты. Оның қоры 100 миллион тоннадан асуы мүмкін деген болжам бар. 

Владимир Путин, Ресей президенті:

- Келісімнің тоқтатылуы жаһандық азық-түлік нарығына айтарлықтай әсер ете қоймады. Астық өнімдерінің бағасы төмендеп келеді. Тамақ жетіспеушілігі жоқ. Оның дұрыс бөліп таратылуына байланысты қиындықтар бар. Бірақ бұның астық келісіміне еш қатысы жоқ.

 

Түркия жаңа ұсыныстар дайындайды

Десе де келіссөздер нәтижесі бойынша Режеп Тайип Ердоған тығырақтан шығар жол табылатынына сенім білдірді. Бұл ретте Түрік тарапы мен БҰҰ-ның өкілдері жаңа ұсыныс дайындап жатыр. Ол бойынша келісім барлық қатысушыларының көңілінен шығуы тиіс, - дейді Режеп Тайип Ердоған. Түрік басшысы құжатты ұзарту керектігі туралы талай мәрте айтып келеді.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Астық келісімі жаһандық азық-түлік дағдарысымен күреске көп көмегін тигізді. Сондықтан бастаманы одан әрі жалғастыру керек деп санаймыз. Бұл Африка елдеріне үлкен үміт сыйлаған келісім болды. Владимир Путинмен өткен кездесу қорытындысы бойынша біз кедей мемлекеттерге астықтың жеткізілуіне қатысты көмектесуге келістік. Ресейден шыққан бидай біздің диірмендерде үгітіледі. Кейін дайын ұн Африкаға жіберіледі.

Сочиде өткен келіссөздерге қатысты ресми Киев те мәлімдеме жасады. Украинаның Сыртқы істер министрі де астық келісімін қалпына келтіру қажет дейді. Бірақ ондай мүмкіндік болмаса, басқа ұсыныстар барын жеткізді.

 

Украинаның ұсынысы

Дмитрий Кулеба, Украина Сыртқы істер министрі:

- Біз украиналық астықты экспорттаудың өзге дәлізін орнату керек деп санаймыз. Ол үшін бізде қажетті техникалық мүмкіндіктеріміз де бар. Қауіпсіздік мәселесін күшейтуіміз тиіс. Бізге бұл бағытта көмек қолын созуға әзір елдер табылады.

 

«Астық келісімінен» оң нәтиже бар

«Астық келісімінің» аясында Украина өзге елдерге 33 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізген. Ішінде жүгері, бидай, сұйық май бар. Біразы кедей елдерге тасымалданған. Десе де ең көп өнім Қытай, Испания мен Түркияға жіберілген. Бұл келісімнің арқасында әлемде азық-түлік бағасының өсімі баяулаған. Сондықтан сарапшылар өзге сауда жолдарын іздеу керектігі туралы айтады. Құрлық арқылы тасымалдау көп ресурсты қажет етеді. Шығыны да мол. Сондықтан көбі астық Румыния шекарасы арқылы Дунай өзенімен экспортталуы мүмкін дейді. Бірақ аптап ыстық пен су деңгейінің төмендеуіне байланысты тасымал көлемінің азаюы да ғажап емес, - дейді сарапшылар.