Берлинда «ақылды техникалар» көрмесі өтті
Әйгілі Альберт Эйнштейіннің өзі ашылу салтанатына қатысып, лентасын қиған «электроника» көрмесі осы күндері Германияның Берлин қаласында өтіп жатыр.
Замануи технологиялық жәрмеңкеге бұл жолы 48 мемлекеттің өкілдері өз өнімдерін әкелген.
Адамзатты болашақта не күтіп тұр? Жұмысты роботпен алмастыру процесі қаншалықты тиімді?
Аумағы 130 мың шаршы метр болатын ауқымды жәрмеңкеде 26 павильон бар. Берлин қаласы 5 күн бойы инновациялық алаңға айналды, онда әлемнің жетекші брендтері озық электроника құралдарын ұсынды.
«8K ультра» жұқа теледидарлар, «ақылды» тоңазытқыштар және камералы пештер. Биылғы жаңашылдық – әлемдегі ең жеңіл смартфон, күн панелінен зарядталатын құлаққаптар және спорттық дрондар.
Ян Вай, көрме қонағы:
- Маған жасыл энергия және нөлдік шығарындыларға көп көңіл бөлінгені ұнады. Менің ойымша, бұл технологияның болашағы зор. Кір жуғыш және ыдыс жуатын машинаны сатып алғым келеді. Жаңа техника энергияны аз тұтынады екен.
Фатих, көрме қонағы:
- Мен виртуалды шындыққа қызығамын. Өзіме ұнайтын дүниелерді іздеуге келдім. Жалпы осындай көрмеге жыл сайын қатысамын.
Дәстүр бойынша, ұйымдастырушылар «Ақылды үй» тұжырымдамасын негізге алған. Топ басында әдеттегідей Германия, Жапония және Оңтүстік Корея компаниялары ұсынған өнімдер тұр. Ал сұрақтарға жауап бере алатын роботтар келушілерді ерекше таңқалдырды.
Жиром Монсу, компания басшысы:
- Бұл роботтың аты – Мироки. Оларды біз Робот кейіпкерлері деп атаймыз, өйткені мультфильм кейіпкерлеріне қатты ұқсайды. Біздің роботтар қонақүй, аурухана немесе балабақшада жұмыс істей алады. Әзірге бұл – тек прототип. Бірақ біз жаппай өндірісті бастауды жоспарлап отырмыз. Оның дауысты тану сенсоры бар. Ол сөйлесіп, эмоцияларды көрсете алады. Болашақта роботқа салынған жасанды интеллект оған тіпті қазақ тілін де түсінуге мүмкіндік береді.
Берлин технологиялық көрмесі – әлемдегі ең көне саналады. Келер жылы ол 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Алғаш рет өткізілген тұста, оның тұсауын Альберт Эйнштейннің өзі кескен, дейді ұйымдастырушылар. Әлемнің әйгілі компаниялары мен стартап жоба авторларының басын қосқан шара жылдар бойы маңызын жоғалтқан емес.