Сауд Арабиясы мен Иран қайта татуласты
Сауд Арабиясы мен Иран қол алысып, қайта татуласты.
Бүгін Араб елшісі Тегеранға, ал оның ирандық әріптесі Эр-Риядқа келді. Жеті жылға созылған дүрдараздықтан кейін, елшіліктер бір-бірімен араласып, жұмыс жанданды. Өткенді ұмытуға ресми Бейжің араағайындық жасаған еді.
Парсы Шығанағындғы қос елдің сыз тартқан қатынасы соңғы екі жылда біртіндеп жылыды. Биыл наурызда Қытай, Сауд Арабиясы және Иран үшжақты келісімге келді. Жеті жыл бойы бір-біріне қыр көрсеткен Таяу Шығыс елдерінің Бейжіңдегі жиында мұншалықты тез татуласатынын ешкім күтпеп еді. Тамыз айында Иранның сыртқы істер министрі Хосейн Әмір-абдоллаян Эр-Риядқа іс-сапарымен барды. Елшіліктердің жұмысын жандандыру жайы сол кезде талқыланса керек.
Фейсал Бин Фархан, Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі:
- Бүгінгі кездесуіміз дипломатиялық қатынасты қалпына келтіруге бағытталған жұмыстардың жалғасы. Қос мемлекет тарапынан жасалған бұл қадам аймақтағы қауіпсіздікті орнату үшін аса маңызды.
Хосейн Әмірабдоллаян, Иранның Сыртқы істер министрі:
- Таяу Шығыстағы қауіпсіздік пен аймақтың дамуына бірлескен ұмтылысты бөліп-жаруға болмайды деп санаймыз.
Таяу Шығыстағы державалар дауы
Бірі сүннет, екіншісі шейіт мазхабындағы ислам мемлекеттері бұрыннан Парсы шығанағындағы басымдыққа таласқаны баршаға мәлім.Тарихи бақталастық өз алдына, 2016 жылы Сауд Арабиясының шейіт имамы Нимр ан Нимрді өлім жазасына кескені, парсылықтардың шамына тиді. Сөйтіп олар Ирандағы Сауд Арабиясы елшілігін шабуылдады. Салдарынан қатынасқа сызат түзіп, шығанақтағы екі ел дипломатиялық миссияларын қайтарып алды.
Бүгін елшілердің Эр-Рияд пен Тегеранға қайтып оралғанын Жапонияның сыртқы істер министрі жылы қабылдағанын жеткізді. Ёсимаса Хаяси дәл осы кезде Мысырдағы жапон– араб қатынасына арналған жиынға қатысып жатқан еді.
Ёсимаса Хаяси, Жапонияның Сыртқы істер министрі:
- Таяу Шығыстың бірқатар өңірінде ұзаққа созылған кикілжіңге қарамастан, ондағы геосаяси ахуалдың жақсаратынына үміт бар. Сауд Арабиясы мен Иран арақатынасының жандануы, Израиль мен Араб елдері арасындағы қарым-қатынастың дамуы осыған дәлел. Осындай дипломатиялық жетістіктер аймақтағы өзара қарым-қатынастың тұрақтануына жол бастайтыны белгілі.
Таяу Шығыстағы Қытай мүддесі
Хош, Парсы шығанағындағы қос елдің татуласқаны Таяу Шығыс үшін жағымды жаңалық болар. «Араға түскен Қытай бұдан не ұтады?» деген сауал туындайды. Саясаттанушылардың дені мұнысын Таяу Шығыстағы Американың ықпалын әлсіретудің амалы деп түсінеді.
Дегенмен, саясаттан бөлек, Қытай бұл жерде ең алдымен экономикалық мүддесін ойлайтыны белгілі. Екі жыл бұрын пандемияға қарамастан Қытайдың Араб елдерімен алыс-берісі 330 млрд АҚШ долларына татыған еді. Оның ішінде Сауда Арабиясымен тауар айналымы 200 млрд долларды құраған. Қытайдың жаһандық «Бір белдеу – бір жол» атты ірі инфрақұрылымдық жобасы үшін де Парсы шығанағының маңызы зор.
Цитата
Амрита Йасх, Қытай және Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал жөніндегі сарапшы:
- «Бір белдеу – бір жол» аясындағы жобаларға Сауд Арабиясының Неом қаласы, Король Абдул-Әзиз атындағы халықаралық әуежай, Дубайдағы Әл-Мактум әуежайының 2-ші фазасы, Қатармен бірлескен теміржолдар енген. Екіншіден, Қытайдың энергетикалық қажеттілігі үшін де шығанақтың маңызы зор. Әлем елдері көбіне Таяу Шығыста өндірілетін мұнайға тәуелді болғандықтан бірқатар қытайлық компания сол аймақтағы компаниялармен серіктес. Демек, аймақтағы қауіпсіздік қытайлық бизнестің өркендеуіне кепіл болады.
Таяу Шығыстағы тыныштық
Таяу Шығыстағы тыныштық Қытайға ғана емес, БРИКС одағына да керек. Бразилия, Ресей, Қытай, Үндістан мен Оңтүстік Африканың мемлекетаралық бірлестігі алты бірдей елге одаққа кіруді ұсынды. Оның ішінде Иран мен Сауд Арабиясы бар.
Американың ықпалын әлсіретуді көздегені болар, саяси одақ серіктестердің қатарын осылай ұлғайтуға көшкен. Сарапшылардың пікірі осыған саяды.