Еуропада ыстықтың беті қайтпай тұр. Шартарап

Биыл қоңыржай Еуропаңыздың өзінде ел аптаптан қаталап, тығыларға жер таппай қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күз түссе де, ыстықтың беті қайтпай тұр. Францияда температура 37 градусқа дейін жеткен. Бұл – қыркүйек айында бұл айда бұрын-соңды болмаған жағдай. АҚШ-та күннің көзі күйіп тұр. Оқушылар сабақ басталмай жатып, онлайнға көшті.

Еуропаның батысында күн шыжып тұр. Нидерландта ауа температурасы 30 градустан асып кеткен. Бельгияда да солай. Францияның бірнеше өңірінде температуралық рекорд тіркелді. Вьенна департаментінде сынап бағанасы 37 градусты көрсеткен. Ұлыбританияда қауіптіліктің жоғары деңгейі жарияланды. Күн ысығасын кондиционер қолданғандар қатары күрт көбейді. Мұның бәрі кәрі құрлықтың энергетикалық жүйесіне салмақ түсіріп отыр.

 

Балалар онлайн оқуға көшті

Осы аптап ыстық АҚШ-тың да энергетикалық жүйесіне кесірін тигізді. Өткен айда электр энергиясын өндіруге қажетті табиғи газға сұраныс артып, көгілдір отын экспорты қысқарған. Ауа райы білім беру жүйесіне де әсер етті. Детройт мектептері күннің ыстығына байланысты сабақ кестесі өзгертіп, 54 мың оқушы үйіне ерте қайтарылып жіберген. Өйткені білім беру мекемелерінің біразында кондиционер жоқ. Филадельфияда 80 мектеп апта соңына дейін жұмыс істемейді. Ал Питтсбургте 40 білім беру орны қашықтан білім алуға көшкен. 

 

Ең ыстық жаз

Жалпы 2023 жыл – адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері осылай дейді. Соның салдарынан өткен айда Антарктидадағы мұзықтардың өлшемі 12%-ке азайған. Мамандар сұмдықтың бәрі алда дейді. Олар климаттың өзгеруі кесірінен алдағы жылдар бұдан да ыстық болады деген болжамдарайтып отыр.   

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.