АҚШ-та мылтықты жетілдіруге тыйым салынды
АҚШ-та мылтықты жетілдіріп, жартылай автоматқа айналдыруға тыйым салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ел билігі атыс қаруына арнайы бөлшектер шығаратын қару-жарақ компаниясын сотта жеңіп шықты. Жеңіс дейтін себебіміз, Америкада қару-жарақтың ашық сатылуына байланысты қоғамда дау-дамай көп. Бірі өзімді, отбасымды, мүлкімді қорғау үшін қару ұстаймын десе, бірі қарудың кесірінен бейбіт тұрғындар оққа ұшып жатыр деп қамығады.
Нұрбек Бекен, тілші:
- АҚШ-та қару-жарақ пен оның бөлшектері еркін сатылатыны соншалық, әуесқойлар қарапайым мылтықты жылдам ататын пулеметке айналдыра алатын. Енді қаруды жетілдіруге тыйым салынады.
Ел билігі бейбіт тұрғындарға бей-берекет оқ жаудыру оқиғасы жиілеп кеткендіктен, қару-жарақ бөлшектерін шығаратын компаниямен соттасып, жеңіске жетті. Алайда қазір АҚШ-та қару-жарақ саны халық санынан көп. Тек биыл жыл басталғалы 488 жаппай оқ ату оқиғасы тіркеліп, 1200-ден астам бала мен жасөспірім қайтыс болған. Сарапшылар жыл соңына қарай қаңғыған оқтың құрбандары бұдан да көп болуы мүмкін деп отыр. Ақ үй басшысы Джо Байден де бұл мәселені шешу әкімшілігінің негізгі міндеті екенін айтып келеді. Бірақ керісінше қайғылы оқиға жиілеп кетті.
Анжела Грегг, қара жамылған отбасы:
- Бейбіт күнде балалар өліп жатыр. Ұлттық гвардияны көшеге күзетке қойса да, бұл сұмдықты тоқтату керек. Бізге көмек керек. Мұны тоқтату керек.
Роланд Гутьеррес, Техас штатының сенаторы:
- Отбасылар алаңдап отыр. Олардың көңілі қалып жатыр. Бұл – шындық. Қаншама жарақат алған балалар ем-дом алып жүр. Олар бұрынғыдай емін-еркін қорықпай жүре ала ма? Біз олардың бейбіт күнін ұрлап жатырмыз. Егер нақты бір шара қолданбасақ, сіздің де аумақтай қайталануы мүмкін.
Тіпті атыс-шабыстың жиі қайталанып, оның құрбандары көп болатыны соншалық, АҚШ-тағы ақпарат құралдары «қару эпидемиясы» деп атайды. Былтыр ең қауіпті антирекорд орнаған жыл болды. Жаппай оқ жаудыру оқиғасынан 48 мыңнан астам адам көз жұмды. Қарумен жасалатын зорлық-зомбылық жасөспірімдер өлімінің негізгі себебіне айналған. Жарақат алып, тірі қалғандар қаншама. Олар өмір бойы қорқыныштың құшағында қалады екен.
Авторы: Нұрбек Бекен.