Грузияда табиғи апатты болжау жүйесі іске қосылды
Грузиядағы таулы курортта болған қайғылы оқиғадан кейін ел Үкіметі жаңа метеорологиялық станцияларды жабдықтауға ниетті.
Апатты алдын ала болжауға арналған заманауи жабдықтар 2025 жылға дейін орнатылады.
Батыс Грузиядағы әйгілі таулы Шови курортындағы апат 30-дан астам адамның өмірін қиды. Көшкін салдарынан коттедждер, ағаштар мен көліктер жермен-жексен болды.
Бұл оқиға техникалық жабдықтың жетіспеушілігін және тиісті бақылау жүйесінің жоқтығын көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, апатты алдын ала анықтайтын ескерту жүйесі жұмыс істесе, адамдар аман қалар еді.
Нино Чхобадзе, «Жердің достары» қозғалысының төрағасы:
- Бұл – климаттық дағдарыс. Орталық Кавказ мұз қабаты қарқынды ери бастады. Өкінішке қарай, бізде 90-жылдардан бастап бірқатар бақылаулар қалпына келтірілмеген. Тек жеке мұздықтар қатаң қадағаланып отыр.
Климаттық өзгерістерге байланысты мамандар құбылмалы ауа райының жиілеуін болжайды. 150-ден астам метеорологиялық және гидрологиялық бақылау станциясы сатып алынды. Олардың кейбірі қазір Тбилисиде іске қосылды.
Дэвид Лоладзе, метеоролог:
- Бұл әртүрлі метеорологиялық көрсеткіштер өлшенетін кешенді станция. 2025 жылға қарай бұлардың саны шамамен 300-ге жетеді. Сенсорлар неғұрлым көп болса, болжам дәлірек болады.
Метеорологтың айтуынша, Шовидегі көшкін сияқты апатты болжау өте қиын: мұздықтың еруі, жауын-шашынның көп болуы және эрозиялық процестер бұған кедергі. Бірақ жаңа жабдықтар табиғи апаттарды қазіргіден әлдеқайда жақсырақ болжауға мүмкіндік береді.