Орталық Азия елдерінің интеграциясы
Орталық Азия елдері экономикалық тұрғыда, өзара ықпалдасуды арттыруы керек.
Интеграция үрдісін жеделдету маңызды. АҚШ бейбітшілік институтының сарапшысы Гэвин Хелф осылай дейді. Біздің Вашингтондағы тілшіміз Нұрбек Бекенге берген сұхбатында, сарапшы 75 миллиондай халқы бар Орталық Азия мемлекеттері, өз мүмкіндіктерін толығымен пайдаланып отырмағанын айтты. Ал Нью-Йоркте өтетін С5+1 саммитінде, осы сұрақтарды шешу үшін, келелі кеңес өтетініне сенім мол.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Кеңес Үкіметі тарағалы 30 жыл өтсе де Орталық Азия мемлекеттері өзара интеграцияны тереңдете алмай келеді. Аймақ елдері экономикалық әрі энергетикалық әлеуетін ынтымақтаса отырып, тиімді пайдаланса берік байланыс орнатуға болады. АҚШ-тың бейбітшілік институтының профессоры, Орталық Азия бойынша сарапшсы Гэвин Хелфтің пікірі осындай. Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жан-жақты байланысты арттыратын құжатқа Қырғызстанда бес елдің басшысы қол қойды. Сарапшы сол маңызды келісімнің шеңберінде ынтымақтастықты арттыратын уақыт келді деп отыр.
Гэвин Хелф, АҚШ бейбітшілік институтының аға сарапшысы:
- Барлық мемлекеттер, соның ішінде ұлы державалар да Орталық Азия аймағымен берік байланыс орнатқысы келеді. Бұл тұрғыда тек бес мемлекеттің ауызбірлігі жетіспей тұр. Былтыр Шолпан атада Тоқаевтың ұсынысмен қол қойылған құжаттың аясында біртіндеп интеграцияны тереңдету керек еді. Кеңес Одағы ыдырап кеткеніне 30 жыл болды, бұл мемлекеттердің өзара интеграциясына мүмкіндік мол.
«Орталық Азия аймағында 76 миллион халық бар. Энергетикалық, экономикалық ресурсқа да бай. Сондықтан С5+Қытай, С5+1 АҚШ, С5+37 – Еуропа елдері, С5+Үндістан сияқты алпауыт елдер мен орта деңгейдегі державалар аймақпен терең байланыс орнатқысы келеді», дейді Гэвин Хелф.
Гэвин Хелф, АҚШ бейбітшілік институтының аға сарапшысы:
- Орталық Азияға қазір ішкі қажеттіліктерін ғана қанағаттандырып қоймай, аймақтың барлық мүмкіндігін пайдаланып әлемдік аренада салмақты ойыншы болуын ойлау керек.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Орталық Азия аумағы арқылы өтетін транзиттік жолдарды әртаптандыруға біраз мемлекеттер мүдделі. Өйткені соңғы жылдары аймақтағы елдер сан-түрлі сын қатерге тап болып отыр. Сондықтан С5+1 саммитінің алаңында өз мүмкіндіктерін талқылайды. Ең бастысы қажет болған жағдайда бес мемлекет, бес саусақтай жұмылу керегін ұғынса керек.