АҚШ-та оқушыны мектепке дайындау шығыны ұлғайды
Биыл АҚШ-та баласын мектепке дайындаған ата-аналар шығыны рекордтық деңгейге жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ұлттық сауда федерациясы оқу маусымында тұтынушылар 135 миллиард доллар жұмсайды деп болжайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 миллиардқа көп. Оның үстіне қазанның бірінен бастап университетте білім алу үшін несие алған америкалықтар қарызын өтей бастауы керек. Демек отбасылық бюджетке қосымша ауыртпалық түседі деген сөз. Мектепке қажет құрал-жабдықтар мен киім-кешек сатушылар осы жылы мөлдір, салынған заттары көрініп тұратын сөмкелерге сұраныстың артқанын айтып отыр. Өйткені қауіпсіздік мақсатында білім мекемелері осындай рюкзак ұстау қажеттігін алға тартқан. Бұл – оқушылар арасында қару ұстап жүруді қадағалау үшін жасалған шара. Сондай-ақ электроникалық тауарларға сұраныс көбейген. Тамыз айында сауалнамаға қатысқан тұтынушылардың 70%-і ноутбук немесе компьютер алуды жоспарлап жүргенін айтқан.