Мароккода зілзала зардабымен күрес жүріп жатыр
Өткен демалыс Марокко елі үшін қаралы күн болды.
Нақтырақ айтқанда, Марракеш қаласы маңында қуаты 7,8 балл болатын зілзала тіркелді. Жер сілкінісі қас-қағым сәтте мыңдаған адамның өмірін жалмап, елдің көз жасы көл болды. Арадағы 3 күн өтсе де, әлі көмек жетпеген жерлер бар.
Апат айтып келмейді деген осы. Арқа жарқа боп, той тойлап отырған жұрттың әп-сәтте есі шығып, есікке қарай безген кезі – бұл. Бейнежазба 8 қыркүйек күні Марракештің қақ ортасында түсірілген. Яғни, тылсым күштің құдіреті қаланы тұтас қиратып, мыңдаған адамды мерт қылған күні.
Қапелімде қасіреттің кесірінен 2122 адам опат болды. 2421-і жарақат алды. Зілзала құрбандарының саны мұнымен шектеледі деуге әлі ерте. Себебі құтқару топтары үйінді астындағы азаматтардың бәрін шығарып үлгермей жатыр. Осыған байланысты Испания, Қатар, Ұлыбритания секілді елдер Мароккоға өз көмегін ұсынып, зілзала зардабын жоюға көмектесіп жатыр.
Қарапайым тұрғындар да қол қусырып, қарап отырған жоқ. Белсенділер киім-кешек пен зат түрінде гуманитарлық көмек жинауға кіріскен. Бұдан бөлек, мыңдаған адам зілзаладан зардап шеккендерге көмектесу үшін қан тапсыру орталығына ағылып жатыр. Адамдардың көптігі сонша, мекеме алдында ұзын-сонар кезек түзілген.
Нореддин Челчули, Марракеш қаласының тұрғыны:
- Мұнда жер сілкінісінен жарақат алған азаматтарға көмектесу үшін келдім. Апаттан кейін оларға барынша қолдау көрсетуіміз керек санаймын. Ең азы – ол қан тапсыру.
Джалила Герина, Марракеш қаласының тұрғыны:
- Жаңалықтан азаматтарға қан жетіспей жатқанын естідім. Сөйтіп, еш ойланбастан осында келдім. Осы елдің азаматы ретінде өзгелерге көмектесу – менің борышым. Әсіресе қысылтаяң сәттерде.
Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес жер сілкінісінен Марракеш пен оның төңірегінде 300 мың адам зардап шеккен. Көбіне әлі күнге дейін көмек жетпеген.