Қырғызстанда энергияны тұтыну көлемі артты

Қырғызстан биыл қыста елімізден 1,5 миллиард киловатт сағат электрэнергия сатып алатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы жылдары көрші мемлекетте қуатты тұтыну көлемі едәуір артқан. Билік тұрғындарды  үнемдеуге шақырып отыр.

Биыл Қырғызстанда электр энергиясы тапшылығы 3,2 миллиард киловатт сағатты құрамақ. Бұған электр тұтынудың артуымен оның аз өндірілуі әсер еткен. Көрші мемлекеттер мәселені талқылап, Қырғызстан биыл қыста Қазақстаннан қосымша электр қуатын сатып алуға келісті.

Таалайбек Ибраев, Қырғызстанның Энергетика министрі:

- 16 тамызда Астанада Қырғызстан, Қазақстан, Өбектстанның Су және Энергетика министрліктері өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Басқосуда Қазақстан 1,5 миллиард киловатт сағат энергия жеткізетін болып келісті. Энергия тұтыну уақыты қыркүйектен басталып, келер жылдың сәуіріне дейін жалғасады. 

Бірақ Қырғызстан тарапы энергияны қандай бағамен сатып алатынын жарияламады. Елдің Энергетика министрі ақпардың құпия екенін айтады. Түрікменстан мен Ресейден жеткізілетін қуаттың да құны жұмбақ. Тек Ресейден 800 миллион, Түркменстаннан 1,6 миллиард, ал Өзбекстаннан 200 миллион киловатт/сағат энергия алынатыны белгілі. Жергілікті билік тұрғындарды электр қуатын үнемдеуге шақырды.

Алтынбек Рысбеков, «Қырғызстан ұлттық электрлі желісі» АҚ бас директоры:

- Біздің бәріміз пешті қалай қолдануды білеміз. Солай ғой? Пеш, электрлі шәугім, тоңазытқыш, шам бәрін бір уақытта қосқанда 5 киловатт кетуі мүмкін. Мен мұны бәріне түсінікті болу үшін айтып отырмын.

Қырғызстан өткен жылдары Тоқтағұл қоймасына су жинап, энергияны көрші елдерден алып отырды және ол ішкі сұранысты қанағаттандыруға жеткілікті болатын. Қазір жағдай басқа. Қуат тұтыну көлемі артқасын үкімет осындай қадамға баруға мәжбүр. 

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Бакыт Чермашев.